Астанада «Ғылым және жаңа ұрпақ-2014» конференциясы өтуде
ЕГИ ректоры Амангелді Құсайынов өз сөзінде: «Ғылым - адам қатынасындағы ерекше сала. XXI ғасыр - оқыған адамдардың заманы, біз бұл көштен қалмауымыз керек. Осыған байланысты ғылыми-зерттеу жұмыстарына студенттердің қатысуы артып келеді».
Конференцияға Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Қаржы полициясы академиясы, Қазақ гуманитарлық заң университеті, Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университеті, Қазақ инженерлік-техникалық академиясы, ЕГИ колледжі, Гуманитарлық колледж және т.б. білім ордаларының, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, Халықаралық бизнес академиясы (Алматы), Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті (Ақтау), «Болашақ» университеті (Қарағанды), Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті (Петропавл), Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеттері және Ресейдің Орынбор мемлекеттік педагогикалық университеті мен Омбы мемлекеттік педагогикалық университеттерінің студенттері мен магистранттарынан құралған 323 баяндамашы қатысуда.
Конференция жұмысы педагогика және психология, әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар (тарих, әлеуметтану, философия, әлеуметтік жұмыс, экология, валеология), қазақ және орыс филологиясы, шет тілдері филологиясы және аудармашылық іс, сондай-ақ заманауи экономиканың қаржы аспектілері секцияларына бөлінді.