Астанада ғылыми конференция барысында А.Байтұрсынұлының туған жылы нақтыланбақ
АСТАНА. 20 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Алаш көсемі, қазақ әліпбиінің, ұлттық тіл білімінің, түркітану ғылымының, әдебиеттанудың атасы, ұлы қайраткер, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 140 жылдығына арналған «Ахмет Байтұрсынұлы: қайраткер аманаты және ұлт мұраты» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция өтуде.
Іс-шара барысында қазақ әліпбиінің жасалуындағы, ұлттық тіл білімінің қалыптасуындағы, ұлттық сөз өнері теориясының жазылуындағы Ахмет Байтұрсынұлының тарихи миссиясына ғылыми сараптау жасалмақ.
«Ахмет Байтұрсынұлы ғасырлар толғанысымен туған, ғасырлардың қажеттігіне жауап беретін ұлы тұлға. Ахмет Байтұрсынұлының сан-салалы қызметі, мұрасы әрқайсысы бір-бір Алатау десе де болады. Ол кісінің ғалымдығы, қайраткерлігі, аудармашылығы, сазгерлігі үлкен-үлкен зерттеулерге негіз болатын дүние. А.Байтұрсынұлының ең үлкен еңбегі, менің ойымша, ол - халықты оятқаны. Ғасырдың басында Абай қазақты «жақсы мен жаманды айырмадың» деп айтқан емес пе, осы «жақсы мен жаманды айырмаған» қазақты Ахаңдар оятты. Ахаң қазақ мемлекеттілігін қалай құру керек екендігін айқындап берген және соның алғашқы қадамын жасап кеткен тұлға», - дейді Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, профессор Хангелді Әбжанов.
«Ахмет Байтұрсынұлының мұрасымен, артында қалдырған еңбегімен сан ұрпақ тәрбиеленетін болады және одан халқына қызмет етудің, әлемдік бәсекеге төтеп берудің үлгісін алатын болады. Мұндай тұлғаларсыз біздің тарихымыз болмас еді, оларсыз әлеуметтік ілгерілеу де болмас еді. Біз Байтұрсынұлына мәңгі борыштар халықпыз», - деп атап көрсетті ол.
Конференцияның және бір маңызды мақсаты - Ахмет Байтұрсынұлының туған жылын нақтылау. Астана қаласы Тіл басқармасының бастығы Ербол Тілешевтің айтуынша, кейбір оқулықтарда ғалымның туған жылына қатысты түрлі жаңсақ нұсқалар беріліп, ғылыми ортадағы пікір бір ізге салынбай қойды.
«Қазіргі анықтамалықтарда, мектеп пен ЖОО-лардың оқулықтарында Ахаңның туған жылы 1873 жыл деп жаңсақ көрсетіліп жүр. Семей қаласындағы Абайдың мемориалдық мұражайында Ахаңның өз қолымен орыс тілінде жазылған өмірбаяны бар. Ахаң өз қолымен 1872 жылы Торғай облысында 5 қыркүйекте мешін жылы тудым деп жазып кеткен. Сондықтан Ахаңның өзіне сенген дұрыс шығар», - деді Е.Тілешев.