Астанада Х Азия нейрохирургтарының конгресі өз жұмысын бастады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы «Ұлттық нейрохирургия орталығында» Жапония, АҚШ,Түркия, Германия, Ресей, Израиль және Қазақстанның үздік нейрохирургтері шеберлік сабағы ретінде 7 отаның үлгісін көрсетті. Бұл туралы бүгін «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында басталған Х Азия нейрохирургтар конгресінде «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы Серік Ақшолақов айтты.
«Бүгін Конгрестің ашылу салтанаты барысында Астанадағы «Ұлттық нейрохирургия орталығында» Жапония, АҚШ, Түркия, Германия, Ресей, Израиль және Қазақстанның үздік нейрохирургтері шеберлік сабағы ретінде 7 отаның үлгісін көрсетті. Конгресс барысында біз нейрохирургия мен неврология саласындағы заманауи технологиялар мен тәжірибе алмасу жайын талқылайтын боламыз», - деді ол.
Айта кетейік, Орталық Азия мен ТМД кеңістігінде тұңғыш рет өтіп отырған ауқымды шара 13 қыркүйекке дейін созылады. Конгресс «Бірегей ғылым - бірегей қала. Еуразияның кіндік ортасында кездесейік!» деген ұран бойынша өтуде. Оған 50 шақты елдің 600-ден астам делегаты қатысуда.
С. Ақшолақовтың айтуынша, конгресс жұмысы барысында 240 баяндама тыңдалады. Шара аясында ІІІ Азиялық нейрохирургиялық медбикелер конгресі, сондай-ақ Азияның әйел нейрохирургтері қауымдастығының кездесуі өтеді.
Айта кетейік, Азия нейрохирургтерінің конгресі 1993 жылы алғаш рет Жапонияда өткізілген болатын. Осыдан кейін екі жыл сайын әлемнің ірі қалалары мен ел астаналарында тұрақты түрде өтіп келеді. Ал 2008 жылы Куала-Лумпур қаласында өткен кезекті жиында Қазақстан мерейтойлық конгрестің өткізілетін орны болып таңдалған болатын.