Астанада Х.Омаров еске алуға арналған халықаралық шахмат жарысы басталды (ФОТО)
Х.Омаров атындағы шахмат клубының директоры Айсұлу Серікқызының айтуынша, жарыс үш жас категориясы бойынша өтеді. Бірінші категория - 10 жасқа толмаған балалар; екінші категория - 14 жастан үлкен балалар; үшінші категория - 20 жастан үлкен ересектер категориясы.
«Жарысқа қатысуға 270-ке тарта адам ниет білдірген. Олардың арасында жетпіс қатысушы - ересек адамдар. Осы ересек топқа арналған жарыстың жүлде қоры 2,5 млн теңге. Сондай-ақ, балалар арасындағы жеңімпаздарға арналған жүлде қорымыз бар»,-дейді А.Серікқызы.
Оның айтуынша, бұндай шахмат жарысы Астанада соңғы 10 жылдан бері ұйымдастырылмаған екен.
«10 жасқа дейінгі және 14 жастан жоғары категорияға Қазақстанның барлық өңірінен балалар келіп, қатысып жатыр. Ал ересектер арасындағы жарысқа Әзербайжан, Армения, Ресей, Украина және Беларусь елдерінен халықаралық гроссмейстерлер келді. Жарыс тоғыз күннен кейін аяқталады. Сол кезде қорытындысын шығарып, жеңімпаздарды марапаттаймыз»,-дейді А.Серікқызы.
ФОТО: Виктор Федюнин © 2016 «ҚазАқпарат»