Астанада халықаралық гүлдер көрмесі өтіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Астанадағы ЭКСПО халықаралық көрме орталығында Flora Expo Astana 2025 атты халықаралық гүлдер көрмесі өтіп жатыр.

Осымен 12 жыл қатарынан өткізіліп жатқан іс-шараға биыл Нидерланд, Франция, Швейцария, Кния, Оңтүстік Корея, Жапония, Бельгия, Италия, Өзбекстан, Польша, Эквадор сияқты 20 елден 200-ден астам компания қатысып отыр.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, былтырғы көрме жылыжай тақырыбына арналып, шара қонақтарының қызығушылығын туғызған көрінеді. Соны ескеріп биыл да осы тақырыпты тереңдету туралы шешім қабылдапты. Жылыжайды автоматтандыру, климатты басқару, жылыжай ішіндегі жарық пен ылғалды цифрлық тәсілдермен реттеу мәселелеріне арналған тың шешімдер көрмеге қойылып отыр.

Айта кету керек, көрмеге өз өнімін ұсынған 200-ден астам компанияның 40-тан астамы «Қызғалдақтар елінен» келген.

8-10 сәуір аралығында өтетін көрмеде Нидерланд компанияларының гүл индустриясындағы инновациялық технологиялары, көгалдандыру мәселелері, қызғалдақ өсіру семинары, жылыжай бизнесі өкілдерінің форумы, Қазақстан флористикасының әлеуеті тақырыптарына арналған 25 іс-шара ұйымдастырылады.

Көрме аясында әлемнің гүл экспорты нарығында жетекші саналатын компаниялар шеберлік сағаттарын өткізеді. Көрме 8,9 сәуір күндері 9.00-18.00 аралығында, 10 сәуір күні 9.30-15.30 аралығында өтеді.

Былтыр Қазақстан 93,5 млн долларға 12,3 мың тонна гүл импорттаған.



