Астанада халықаралық Phygital Contenders Astana 2026 турнирі басталды

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада халықаралық Phygital Contenders Astana 2026 турнирі басталды. Бұл жарыс – фиджитал спорттағы ең беделді додалардың бірі саналатын «Болашақ ойындары – 2026» турниріне жолдама беретін соңғы іріктеу кезеңі. Турнир аясында әлемнің түкпір-түкпірінен келген командалар фиджитал футбол, баскетбол және би бағыттары бойынша бақ сынайды.

Астанада халықаралық Phygital Contenders Astana 2026 турнирі басталды
Фото: Камила Мүлік

Фиджитал спорт цифрлық ойындар мен дәстүрлі спорт түрлерін біріктіретін жаңа формат ретінде әлемде қарқынды дамып келеді. Astana 2026 турниріне қатысу үшін командалар арнайы рейтингтік жүйе арқылы бірнеше іріктеу кезеңінен өтеді. 

«Қазспортинвест» АҚ спорттық іс-шаралар бөлімінің басшысы Ержан Жакеевтің айтуынша, қазақстандық командалар бұл бағытта қазірдің өзінде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізген.

– Өткен жылы Абу-Дабиде өткен Games of the Future жарысында Астананың кәсіби баскетбол клубы фиджитал баскетбол бойынша әлемдік деңгейде үздік үштікке енді. Сондай-ақ қазақстандық ойыншылар фиджитал шутер бағытында екі дүркін чемпион атанды. Сондықтан біз бұл жарысқа тәжірибелі командалар ретінде қатысып отырмыз, - деді Ержан Жакеев.

Ержан Жакеев
Фото: «КазСпортИнвест» АҚ баспасөз қызметі

Спикердің сөзінше, халықаралық экожүйеге бүгінде 100-ге жуық мемлекет қосылған. Алайда Astana 2026 турниріне олардың ішінен ең мықты 16 команда ғана жолдама алады.

Оның айтуынша, командалар арнайы рейтингтік жүйе арқылы іріктеледі. Ел ішінде неғұрлым көп турнир ұйымдастырылып, клубтар жоғары нәтиже көрсеткен сайын олардың халықаралық жарыстарға қатысу мүмкіндігі артады.

– Әлем бойынша 100-ге жуық ел фиджитал спортына қосылған. Алайда Contenders турниріне солардың ішінен үздік 16 команда ғана өтті. Әрбір жарыс арнайы талаптарға сай ұйымдастырылып, рейтингілік ұпай береді. Соның нәтижесінде ең мықты клубтар анықталады, - деді ол.

Турнир бір мезетте Астанадағы үш нысанда өтіп жатыр. Фиджитал футбол жарыстары Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында ұйымдастырылса, фиджитал баскетбол бәсекелері «Алау» мұз сарайында өтеді. Ал фиджитал би сайыстары Comfort Hotel алаңында болады.

Астанада халықаралық Phygital Contenders Astana 2026 турнирі басталды
Фото: Камила Мүлік

Сонымен қатар ұйымдастырушылар жарыста қолданылатын барлық цифрлық ойын бойынша лицензиялық келісімдер толық рәсімделгенін мәлімдеді.

Ержан Жакеевтің сөзінше, фиджитал спорттағы әрбір дисциплина белгілі бір ойын әзірлеушілерінің авторлық құқығына тәуелді болғандықтан, халықаралық жарыстарды өткізу үшін арнайы рұқсаттар қажет.

– Барлық сегіз фиджитал дисциплина бойынша лицензиялар алынды. Атап айтқанда, футболда UFL, баскетболда Triple Street, би бағытында Just Dance, шутерде Counter-Strike 2 және басқа да ойындар пайдаланылады. Әр дисциплина бойынша заңды өкілдерімен келісім жасалған, - деді ол.

Джон Хьюитт
Фото: «КазСпортИнвест» АҚ баспасөз қызметі

Phygital International ұйымының халықаралық маркетинг және коммуникациялар жөніндегі директоры Джон Хьюитт Astana 2026 турнирінің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, Астанаға келген командалар бұл кезеңге жету үшін ұзақ әрі күрделі іріктеуден өткен.

– Бұл жарыс – Games of the Future турниріне апарар соңғы әрі шешуші кезең. Сондықтан біз қатысушыларға жоғары деңгейдегі ұйымдастыру мен қызмет көрсетуге ерекше мән беріп отырмыз. Астана мұндай ауқымды халықаралық турнирді қабылдауға толық дайын екенін көрсетіп отыр, - деді Джон Хьюитт.

Максим Локоре
Фото: Камила Мүлік

Жарысқа қатысу үшін Астанаға әлемнің әр түкпірінен спортшылар келген. Солардың бірі Аргентинадан келген 22 жастағы футболшы Максим Ло Коре бұл форматтың болашағы зор екенін айтты.

– Бұл менің – халықаралық деңгейдегі алғашқы турнирім. Бұған дейін өз еліміздегі іріктеу кезеңдеріне қатысқанмын. Фиджитал спорттың ерекшелігі сол, ол дәстүрлі спорт пен цифрлық технологияны біріктіреді. Менің ойымша, бұл – өте қызықты әрі болашағы зор формат. Мұндай жарыстар ойыншылардың жаңа деңгейге көтерілуіне мүмкіндік береді, - деді Максим Локоре.

Астанада халықаралық Phygital Contenders Astana 2026 турнирі басталды
Фото: Камила Мүлік

Phygital Contenders Astana 2026 турнирі 14 маусымға дейін жалғасады. Жарыс қорытындысы бойынша үздік командалар шілде-тамыз айларында өтетін «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық мультиспорттық турниріне жолдама алады.

Еске сала кетейік, «Болашақ ойындары – 2026» жарысына қатысу үшін Астанаға 800-ден астам ойыншы келетінін жазған едік.