Астанада халық денсаулығын сақтау мәселелерін арқау еткен республикалық семинар өтіп жатыр
АСТАНА. 7 сәуір. ҚазАқпарат /Айнұр Кенебаева/ - Бүгін Астанада Дүниежүзілік денсаулық сақтау күніне орай Ұлттық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы мамандарының бастамасымен халық денсаулығын сақтау мәселелерін арқау еткен республикалық семинар өтіп жатыр.
Семинар барысында антибиотик дәрі-дәрмектерді ретсіз қолдану салдары қазіргі таңда халықты алаңдатып отырған ең өзекті мәселе ретінде жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар білім беру мекемелерінде жүзеге асырылатын оқушыларды тамақтандыру ісін жетілдіру, тағамдарды дәруменді-минералды заттармен байыту, қоғам арасында дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру тақырыптары төңірегінде ойлар ортаға салынды.
Республикада бүгінгі күні 3 миллионға жуық бала білім алып жатқан 7811 мектеп жұмыс істейді. Соңғы 5 жыл бойынша алынған статистикалық мәліметтер көрсеткендей, оқушылардың ауруға шылдығу көрсеткіші 22% -ға өскен, соның ішінде анемия - 2,5 есе, ас қорыту мүшелерінің аурулары - 2 есеге, эндокринді аурулар мен тамақтану ретінің бұзылуы - 1,4 есеге артқан. Семинар барысында айтылған мамандардың пікірінше, бұл жағдай оқушылардың тамақтану ретіне, қабылданатын азықтың дұрыс, үйлесімді таңдалуына, сондай-ақ отбасы мүмкіндіктеріне тікелей байланысты.
Айта кетелік, мектепке дейінгі және жалпы білім беру мекемелерінде тәрбиеленіп жатқан балалар денсаулығына кері әсерін тигізу ықтималдығы басым тағамдарға ҚР Бас санитар дәрігерінің 2007 жылғы 30 наурыздағы №12 қаулысымен тыйым салынған болатын. Бұндай тағамдар санатына газдалған сусындар, чипсилер, кептірілген қытырлақ нан жатады.