Астанада Халық қаһарманы Р.Қошқарбаевтың Рейхстагқа тіккен туының таныстырылымы болды
СТАНА. Мамырдың 5-сі. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Ұлы Отан соғысының соңғы күндерінде Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа тіккен туының таныстырылымы болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Туды Қазақстанға алып келген Серікқали Мұқановтың айтуынша, Ұлы Жеңістің жаршысы болған Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтың Рейхстагқа тіккен туы шабуыл кезінде ілінетін жалаулар болған. «Жалпы, Рейхстагқа шабуыл жасалған кезде осындай 9 жалау болған. Оның ішінде Рақымжан Қошқарбаевтың жалауы бірінші болып Рейхстагтың төбесіне тігілді. Осыдан кейін қаншама уақыт өтті. Кейбір дерек көздерінің мәліметі бойынша, бұл жалау бірнеше үлеске жыртылып, жауынгерлер арасында таратылды. Сондықтан 1945 жылы мамырдың 3-і күні КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумы «Ұлы Жеңістің туын бекіту туралы» қаулы қабылдады. Сол тулардың бірі - осы. Сондықтан оны көшірме деп санауға болмайды. Енді, бұл тарихи жәдігер ұлтымыздың ұлы мұрасына қосылды», - дейді С.Мұқанов.
Айта кетейік, осы уақытқа дейін Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа тіккен туы Ресей Федерациясының Ішкі істер министрлігінің мұрағатында сақталып келген.