Астанада Халық суретшісі Әубәкір Ысмайылов атындағы көше ашылып, шығармашылығының көрмесі өтеді
АСТАНА. 28 қыркүйек. Қазақпарат - Бүгін Астанада тұңғыш рет Қазақстанның Халық суретшісі Әубәкір Ысмайылов атындағы көшенің ашылу салтанаты өтеді.
Дәл осы күні «Назарбаев орталығы» ММ-інде келер жылы 100 жылдығы аталып өтетін суретші жұмыстарының көрмесі ашылады. Бұл туралы «Назарбаев орталығының» баспасөз қызметі хабарлады.
Әубәкір Ысмайылов атындағы көше Республика даңғылы мен Бараев көшесінің аралығында жатыр. Сағат 15.00-де «Есіл» дүкенінің алдынан басталатын іс-шараға Астана қаласы әкімдігі, Астана қаласының Суретшілер Одағы және БАҚ өкілдері, қала жұртшылығы, сондай-ақ Әубәкір Ысмайыловтың қызы - Гүлия қатысады.
Салтанатты шара аясында сағат 16.00-де «Назарбаев орталығы» ММ-нде (Республика даңғылы, 2) суретші еңбектерінің көрмесі ашылады. Көрмеде Астана қаласы қазіргі заманғы өнер мұражайы мен Қарағанды мұражайының қорындағы және Ысмайыловтар әулетінің коллекциясындағы картиналар қойылады. Бұрын еш жерде көрмеге қойылмаған суретшінің шағын акварелді портретін де осы көрме кезінде тамашалауға болады.
Құттықтау сөз алатындардың қатарында - «Назарбаев орталығы» ММ директорының орынбасары Роман Василенко, суретшінің қызы Гүлия Ысмайылова, сенатор Оралбай Әбдікәрімов, Өлкетану мұражайының тұңғыш директоры, бейнелеу өнерінің ардагері, суретші Валентин Пак және т.б. бар.
Ұйымдастырушылары - Астана қаласы әкімдігі, «Назарбаев орталығы» көп функциялы ғылыми-талдамалық және гуманитарлық-ағартушылық мемлекеттік мекемесі, Халық суретшісі Ә.Ысмайыловтың әулеті.