Астанада Халықаралық балет фестивалінің шымылдығы ашылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана Балет» театрының сахнасында «Астана би ырғағында» («Temps Lie») Халықаралық балет фестивалінің шымылдығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Биыл Астананың 20 жылдық мерейтойын мерекелеу аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақ ұлттық хореография академиясы аталған фестивальді 3-5 мамыр аралығында өткізгелі отыр. Бүгінгі шара Қазақ ұлттық хореография академиясы оқушыларының концертімен ашылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, үш күндік концерттік бағдарламаға классикалық балет мұрасының, заманауи және қазақ хореографиясының отандық және шетелдік балетмейстерлерінің қойылымындағы ең үздік нөмірлері енеді.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен ашылған Қазақ ұлттық хореография академиясы аз ғана уақыттың ішінде Астананың мәдени-рухани төрінде өзінің лайықты орнын алды. Шараның басты мақсаты - біздің елдегі хореграфия өнерін өркендету. Халықаралық балет фестиваліне шығармашылық сипат алып келген біздің академияның ректоры Алтынай Асылмұратоваға, академияның көркемдік жетекшісі Әсел Құрманбаеваға алғыс айтуға рұқсат етіңіздер. Астананың 20 жылдығы аясында өткізіліп отырған фестивальға 11 елден, атап айтқанда, Ресей, АҚШ, Жапония, Ұлыбритания және тағы басқа елдердің өнерпаздары келіп отыр. Халықаралық балет фестиваліне арнайы келген әлемдік балет жұлдыздарына да алғысымыз шексіз», - деді Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы шараның ашылу салтанатында.

Астанадағы халықаралық шараға әлемдік балет жұлдыздарынан Мәскеудегі Үлкен театрдың және Лондондағы Корольдік балеттің жетекші бишісі Ирек Мухамедов, Ресейдің Халық әртісі Ульяна Лопаткина, Ресейдің Еңбек сіңірген әртісі, «Золотой софит» сыйлығының лауреаты Елена Кузьмина, Қытай ұлттық би қауымдастығы Балет комитетінің вице-президенті Сяо Сухуа, «София Балет академиясы» балет мектебінің директоры Кейсуке Косака келіп отыр.
Фестивальдің екінші кешінде, яғни 4 мамырда көрермендердің назарына үш номинациядағы нөмірлер ұсынылады. Атап айқанда, балетсүйер көрермендерге классикалық би, халық-сахналық (фольклор, стильдік халықтық) би, сонымен бірге заманауи би көрсетілмек. Қатысушылар Ц.Пуниннің музыкасына «Эсмеральда», Л.Делибтің музыкасына «Коппелия» балеттерінен әйгілі варриацияларды, «Спящая красавица» балетінен адажио, В.Вайноненнің хорегорафиясындағы Б.Асафьевтің «Пламя Парижа» балетінен па-де-де, әзербайжан және грузин ұлттық билерін орындайды.
Фестивальге қатысушылар балет өнеріндегі өз күштерін сынап қана қоймай, шараға шақырылған балет өнері шеберлерінің шеберлік сыныптарынан тәжірие алу мүмкіндігіне ие болмақ. Фестивальдің қорытынды күнінде, яғни 5 мамырда гала-концерт өтеді. Ол күні мәртебелі меймандардың пікірі бойынша іріктелген үздік нөмірлер көрсетіледі.
