Астанада халықаралық цирк өнері фестивалі өтуде (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда күнін атап өту аясында Астанада «Азия жаңғырығы» халықаралық цирк өнері фестивалі басталды. Фестивальға әлемнің түкпір-түкпірінен 60-қа жуық цирк әртістері келіп қатысуда, деп хабарлайды astana.kz.
Орта Азиядағы бірден-бір халықаралық цирк өнерінің фестивалі болып есептелетін «Азия жаңғырығы» фестивалі елордамызда 8-ші рет өтіп отыр. Мерекелік фестивальге әлемдік аренаның маңдай алды әртістері мен жұлдыздары қатысуда. Бағдарламада цирк өнерінің барлық жанрлары ұсынылған. Көрермендер әлемдік цирктің үздік қойылымдарын тамашалай алады. 3 маусым күні сағат 20:00-де фестиваль қатысушыларының «Кавалькада» салтанатты шеруі өтеді. Үрмелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен цирк ұжымдары «Астаналық цирк» - «Нұр Астана» мешіті - Сығанақ көшесі - Бәйтерек - «Керуен» СОО - Қабанбай батыр даңғылы - «Астаналық цирк» бағытымен жүріп өтетін болады. «Азия жаңғырығы» фестивалі елордадағы цирк ғимаратында 8 маусымға дейін жалғасады.