15:00, 19 Тамыз 2010 | GMT +5
Астанада Халықаралық Қызыл крест комитетінің кеңсесі ашылады
АСТАНА. Тамыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Астанада Халықаралық Қызыл крест комитетінің кеңсесі ашылады. Бұл туралы бүгін елордада өткен Халықаралық гуманитарлық құқық ұлттық орталығының ашылу салтанатында Халықаралық Қызыл крест комитетінің Орталық Азия бойынша аймақтық өкілділігінің бұрынғы басшысы Ив Джованни мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі таңда Қазақстан халықаралық гуманитарлық құқықты дамыту саласында белсенді түрде жұмыс істеуде. Осы салада бұл елдің қол жеткізген жетістіктері аз емес. Ағымдағы жылдың аяқ кезінде Қазақстанның елордасы - Астана қаласында Халықаралық Қызыл крест комитетінің кеңсесін ашу жоспарланып отыр. Ол арқылы халықаралық гуманитарлық құқық саласында Қазақстанмен тығыз қарым-қатынас орнатылып, осы саладағы мәселелердің бұл елде ғана емес, одан тыс жерлерде де шешілуіне жол ашады деп білеміз», - деп атап көрсетті И.Джованни.