Астанада Халықаралық нашақорлықпен күрес күніне арналған шара өтуде
АСТАНА. Маусымның 26-сы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астанада Халықаралық нашақорлықпен күрес күніне орай «Отан қорғаушылар» алаңында балаларға арналған мерекелік шара өтуде,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Онда шығармашылық ұжымдарының «Өмір сүр, ойна, жаса» атты балалардың костюмделген ойын-сауық думаны, аула клубтары мен секцияларының конкурстары, жарыстар мен ойындар ұйымдастырылуда.
«Отан Ана» монументінен бастап №54-ші мектепке дейін «Нашақорлыққа жол жоқ!» ұранымен балалар шеруі өтіп, №54-ші мектеп базасында кейінгі буынға арналған жолдау салынған «Уақыт капсуласы» құйылады. Кешке байкерлердің, джипперлердің және рок әншілерінің қатысуымен қала тұрғындарының көңілін көтеретін ойын-сауық бағдарламалары болады.
Акция ұйымдастырушылар - ҚР ІІМ Есірткі бизнесімен күрес комитеті, Астана әкімдігі, «Есірткісіз болашақ» корпоративтік қоры, «Қарсы», «Сақшы» жастар қозғалыстары.
«22 жыл бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы маусымның 26-сын нашақорлықпен күрес күні деп жариялаған болатын. Содан бері барлық мемлекеттер осы күнді атап өтеді. Еліміздің барлық облыс орталықтарында, қалаларында ауқымды шаралар өткізілуде. Елбасының жарлығымен «Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес» стратегиясы жұмыс жасауда. Аталмыш бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі - жасөспірімдер арасындағы нашақорлықтың алдын алу болып табылады», дейді ҚР ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес комитетінің төрағасы Жанат Сүлейменов.