Астанада халықаралық TEАТРALL фестивалі ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордада «TEATRALL» II Халықаралық театр фестивалінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астанада халықаралық TEАТРALL фестивалі ашылды

Фестивальге 6 елден келген 14 театр қатысып жатыр. Атап айтсақ, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, Абай атындағы Семей мемлекеттік қазақ музыкалық драма театры, Санк-Петербург камералық «ТОК» театры, Астана қаласының «Жастар» театры, Махтумкули атындағы Түрікменстан музыкалық-драма театры, Өзбекстан Республикасының Джизак музыкалық театры және Гейдар Алиев атындағы Тбилиси Әзербайжан драма театрларының әртістері өнер көрсетеді.

«Сіздерді Республика күнімен құттықтағым келеді. Халқымызға амандық тілеймін. Осындай кең ғимаратта театр фестивалі өтеді. Біз бұл оқиғаның ұлттық мерекемен сәйкес келгеніне өте қуаныштымыз. Бүгін бізбен бірге фестивальге белгілі актер, режиссер Асанәлі Әшімов, елорда әкімі Алтай Көлгінов қатысып отыр. Сонымен қатар, шара аясында Әзербайжан Мәмбетовтің өмірі мен шығармашылығына арналған цифрлық форматтағы көрме ұйымдастырылды. Онда электрондық нұсқада өнер тұлғасының өмір жолынан сыр шертетін жәдігерлер орналастырылған», - деді Ә.Мәмбетов атындағы драма және комедия театрының директоры Тұрсынбек Қабатов.


Сондай-ақ, фестивальдің ашылуымен шаһар қонақтарын Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов құттықтады.

«Бүгін біз жақын және алыс шетелдерден келген қонақтарды, өнер сүйер қауымды қарсы алып отырмыз. Бүгін театрдың дамуына баға жетпес үлес қосқан режиссеріміз Әзербайжан Мәмбетовті ұлықтаймыз. Баршаңызды фестивальдің ашылуымен құттықтаймын. Сондай-ақ Республика күнімен құттықтаймын», - деді қала әкімі.

Елордалық мәдениет басқармасының басшысы Санат Шапашов фестивалдің мақсаты - театрға келушілердің санын арттыру екендігін атап өтті. Аталған шара осымен екінші жыл ұйымдарылып отыр.

«Шын мәнінде, билет бағасы соншалықты қымбат емес. Кейбір театрлардың қойылым құны тіпті 500 теңге. Бірінші міндет - театрға көрермендер тарту. Пандемиядан кейінгі кезеңде біз адамдардың көңіл-күйін көтеріп, театрлардың дамуына ықпал еткіміз келді. Осы мақсатты бізге Әзербайжан, Грузия, Өзбекстан, Ресейден қонақтар келді. Сондай-ақ, олардың арасында осы өнердің сыншылары да бар», - деп түйіндеді Санат Шапашов.

Театр апталығының салтанатты ашылуында көрермендерге Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының «Ғасырдан да ұзақ күн» спектаклі ұсынылды. Сондай-ақ, көрермендер Әзербайжан Мамбетов режиссерлік еткен спектакльдерді тамашалай алады. Фестивальдің салтанатты жабылуы 30 қазанға жоспарланған. Шара Әзербайжан Мәмбетов атындағы Қазақ мемлекеттік драма және комедия театрында, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрында және Жас көрермен музыкалық театрында өтеді.