Астанада халыққа арналған қаржылық өнімдердің «Investfunds-Weekend-2010» көрмесі өтеді
Бұл жайында бүгінгі өткен баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР халқының инвестициялық мәдениеті мен қаржылық сауаттылығын арттырудың 2007-2011 жылдарға арналған бағдарламасы аясында «CВonds» компаниялар тобы мен ҚР Алматы қаласы өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігі аталмыш көрмені ұйымдастырып отыр.
АӨҚО ҚРА төрағасының орынбасары Дархан Нұрпейісовтың айтуынша, көрмені Астанада өткізудің өзектілігі бірқатар заңдарға биыл енгізілген өзгерістер мемлекеттік қызметкерлерге қор нарығындағы құнды қағаздарды иеленуге мүмкіндік беруінде.
«Көрмені өткізудің мақсаты - халықты қаржы ұйымдарының қызметімен таныстыру, қор нарығындағы жеке инвестициялау тетіктерін ажырата білуге көмектесу және көрме барысында кез келген брокерлік компаниямен келісім-шарт жасап, құнды қағаздар сатып алуға мүмкіндік жасау. Енді Астана қалқы қысқа мерзім ішінде толық ақпарат алып, ұсыныстарды тыңдап, нарықтың сарапшыларына өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қоюға мүмкіндік алады», дейді Д.Нұрпейісов.
Сондай-ақ ол көрмеге жалпы есеппен 10-ға жуық брокерлік және басқарушы компаниялар мен жеке инвесторлар клубы қатысады деп жоспарланып отырғанын жеткізді. «Былтыр Алматыда өткен осындай көрмеде 3 мыңға жуық келушілер жиналып, олардың 400-і таныстырылым семинарларына қатысты», дейді Дархан Нұрпейісов.
«Cbonds-Қазақстан» Бас директоры Мәдина Біләлова 2009 жылы өткен көрме халықтың қор нарығы, инвестициялық өнімдер мен қызметтерге үлкен қызығушылық танытып отырғанын айтады. «Тәжірибе көрсеткендей, инвестициялық мәдениет ережелері туралы ақпарат алуды сауда орталықтары сияқты халықтың арасында кең танылған орындарда семинарлар ұйымдастырылатын көрме түрінде өткізу ыңғайлы болып табылады», деді ол.