Астанада «Хазірет Сұлтан» мешітінің өртенуі кезінде бір ер адам көз жұмды

  АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Астанада «Хазірет Сұлтан» мешітінің өртенуі кезінде бір ер адам көз жұмды.

Астанада «Хазірет Сұлтан» мешітінің өртенуі кезінде бір ер адам көз жұмды

Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісіне Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің бас маманы Бибігүл Есмағамбетова хабарлады.

Қазіргі уақытта өрттің ошағы жойылғанымен, ол толығымен ауыздықталған жоқ. Бұдан бұрын, ҚР Төтенше жағдайлар министрі В.Божко ақпараттық агенттіктерге берген сұхбатында өрт 300 шаршы метр аумаққа таралғандығын хабардар еткен болатын. Тілсіз жауды ауыздықтауға ТЖД-нің барлық гарнизондары тартылды. Алдын ала болжам бойынша, өрт дәнекерлеу жұмыстары барысында тұтанған. Төтенше жағдай туралы хабар сағат 15.19-да түскен, өрт сөндірушілер оқиға орнына 10 минуттан соң жетті.

Айта кетейік, осы күнге дейін мешіттің құрылысы 90 пайызға аяқталып, тек ою-өрнек, бояу жағу, декоративті жұмыстар ғана қалған болатын. 3 қабаттан тұратын мешітте неке қию залы, асхана, техникалық бөлмелер, имамдардың кабинеттері орналасатын болады. 5000 адамға есептелген діни мекеменің ауданы 18 мың шаршы метрді құрайды. Ал нысанның алып жатқан жалпы аумағы - 12 гектарға жуық. Мешіттің күмбезі Қазақстан бойынша ең үлкен деп айтуға болады. Оның диаметрі 28 метрден астам. Ал биіктігі 52 метрді құрайды. Нысанның 4 мұнарасының биіктігі 77 метрге тең.