Астанада І Орталық Азия медиафорумы жұмысын бастады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада бірінші Орталық Азия медиафорумы жұмысын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі күнге созылатын форум аясында медиа мамандар мен танымал сарапшылар өңірдегі медианы дамытудың өзекті мәселелерін талқылап, Орталық Азияда ортақ медиа кеңістік құру идеясын сараптайды.

Орталық Азия Медиа Форумының күн тәртібіндегі басты мәселе – бірыңғай медиа платформа қалыптастыру. Іс-шараға 100-ден астам спикер қатысады.

Олар - халықаралық деңгейдегі белгілі ғалымдар, саясаткерлер, журналистер, беделді сарапшылар мен медиа саласындағы халықаралық ұйымдардың өкілдері.

Бірінші Орталық Азия медиа форумының қатысушылары өңірлік бірегейлік, жаңа медианы дамыту, жасанды интеллект технологияларын медиада қолдану, Орталық Азиядағы креативті индустрияның дамуы, пост-шындық кезеңіндегі ақпараттық қауіпсіздік, медиа саласындағы білім беру транформациясы, өзара ынтымақтастықтағы халықаралық ұйымдардың орны, азаматтық қоғамды дамытудағы гендерлік теңдіктің рөлі, өңірлік және жаһандық кооперация мүмкіндіктері сияқты көкейкесті мәселелерді сөз етпек.

Форумның панельдік сессиясында Түркия мен Моңғолияның бұрынғы Президенттері Абдолла Гүл, Намбарын Енхбаяр ойларын ортаға салады.

Танымал әнші Димаш Құдайберген БҰҰ резолюциясы бекіткен 21 қыркүйектегі «Халықаралық бейбітшілік күнінің» және әлемдік «Peace one day» жобасының авторы Джереми Гиллимен бірге бейбітшілік идеясы бойынша арнайы сессия өткізеді.


Соңғы жаңалықтар