Астанада ЖИ-фильмдер фестивалі өтеді: Қазылар алқасында жасанды интеллект болуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл күзде Астанада алғаш рет жасанды интеллект көмегімен түсірілген фильмдерге арналған «Astana AI Film Festival» (AAIFF 2026) халықаралық кинофестивалі өтеді. Креативті индустрияны дамытуға бағытталған жобаның жалпы жүлде қоры 1 миллион АҚШ доллары. Бұл туралы елордада өткен баспасөз конференциясында ұйымдастырушылар мәлімдеді.
Байқауға қатысуға ниет білдірушілерден өтінімдер 2026 жылдың мамыр айында басталып, тамыз айының соңына дейін қабылданады. Фестивальге әлемнің кез келген елінен кәсіби студиялар да, жеке креаторлар да қатыса алады.

Басты шарт – туындының ұзақтығы 10 минутқа дейінгі қысқаметражды AI-фильм болуы және ол 100% жасанды интеллект технологияларының көмегімен әзірленуі тиіс.
– ЖИ-фильм – эксперименттік формат. Біздің мақсатымыз – кәсіби мамандар мен қатардағы көрерменді біріктіретін жаңа платформа қалыптастыру. Фестиваль AI Week және Digital Bridge халықаралық технологиялық апталығы аясында өтеді. Біз әлемдік деңгейдегі продюсерлер мен режиссерлерден тұратын қазылар алқасын жасақтаудамыз, – деді Ozen компаниясының негізін қалаушысы, ұйымдастырушылардың бірі Айзатулла Хуссейн.

Фестивальдің ең басты жаңалығы – қазылар алқасының құрамына жасанды интеллектінің өзін қосуы мүмкін. Техникалық мамандар ЖИ-дің сценарий мен визуалды эстетиканы нысанды түрде бағалау қабілетін зерттеп жатыр.
– Біз қазылар алқасының бір мүшесін жасанды интеллект қылуды жоспарлап отырмыз. Ол сценарийді түсініп, өз талдауын бере алады. Бұл бағалаудың объективтілігін арттырады деп сенеміз. Сондай-ақ ЖИ көмегімен авторлық құқықтың бұзылмауын, плагиаттың болмауын қатаң қадағалаймыз, – деп атап өтті фестиваль ұйымдастырушысы, Brave Talents компаниясының жетекшісі Алмас Жали.

Байқау аясында «Үздік фильм», «Үздік кинематография» және «Үздік сторителлинг» сияқты номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталады. Сондай-ақ ұйымдастырушылар тарапынан берілген арнайы тақырыпты ең үздік ашқан туындыға бөлек марапат қарастырылған.
Ұйымдастырушылар бұл іс-шараны жыл сайын өткізіп, Қазақстанды Еуразиядағы ЖИ-технологиялар мен креативті индустрияның басты көпіріне айналдыруды көздеп отыр. Ең үздік жұмыстар фестивальдің ресми сайтында жарияланады.
Айта кетейік, елімізде 2030 жылға қарай ЖИ саласында 10 000 маман дайындау көзделіп отыр.