Астанада ІІІ «Серпер» республикалық қазақ халық аспаптар оркестрлерінің фестивалі басталды
Астана қалалық Мемлекеттік филармониясының қазақ халық аспаптары оркестрінің бас дирижері Айтқали Жайымовтың айтуынша, фестивальдің мақсаты қазақ халық аспаптары оркестрлерінің бір-бірімен араласып, тәжірибе алмасуына, өскелең ұрпақты халық музыкасы арқылы отансүйгіштікке баулуға ықпал ету.
Айта кету керек, «Серпер» фестиваліне биыл М.Өскенбаев атындағы Маңғыстау облысының халық аспаптар оркестрі, И.Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының халық аспаптар оркестрі, Жамбыл облыстық филармониясының халық аспаптар оркестрі, Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының халық аспаптар оркестрі, Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық «Нарын» фольклорлық оркестрі келді.
Олар ертең Қазақ ұлттық өнер университетінің Орган залында жеке концерттер беріп, астаналықтар мен елорда қонақтарын халық музыкасымен сусындатпақ. Ал шілденің 6-сы, яғни Астананың туған күнінде «Қазақ елі» монументі алаңында аталған оркестрлердің қатысуымен гала-концерт өтеді.