Астанада ІІМ құрамасы волейболдан ҚР құқық қорғау органдары мен құрылымдық күштер арасында өткен чемпионатта «алтын» жеңіп алды
АСТАНА. 8 маусым. ҚазАқпарат - Ішкі істер министрлігінің құрама командасы құқық қорғау органдары мен құрылымдық күштер арасында «Динамо» төрағасының кубогы жолында ерлер арасында өткен волейболдан ашық чемпионаттың жалпы есебі бойынша бірінші орынға ие болды.
Чемпионат 6-8 маусым аралығында өтті. Оған құқық қорғау органдары мен құрылымдық күштердің 12 құрама командасы қатысты.
Жарыстың өткен үш күнінің қорытындысы бойынша ақтық ойындардың қатысушылары анықталды. Финалдық кездесуде Ішкі істер министрлігі былтырғы жылдың жеңімпазы Ұлттық қауіпсіздік комитетін жеңді. Үшінші орынға ҚР ҰҚК-нің Кеден қызметі ие болды.
«Динамо» Орталық Кеңесі аталған Чемпионатты құқық қорғау органдары қызметкерлерінің дайындық деңгейін арттыру, жас және спортпен айналысатын қызметкерлерді анықтау және ерекше көңіл бөлу, волейболды насихаттау және материалдық базасын дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында өткізген болатын.
«Динамо» Орталық Кеңесі төрағасының орынбасары Асқар Омарқұловтың айтуынша, Ішкі істер министрлігінің командасы қызметтерін спортпен қатар алып жүрген жас ойыншылардан құралған және сәттілік солардың еншісінде болды.
«Екі команда да мықты. Мысалы, ҚР ІІМ-нің командасы жас әрі шапшаң. Ал ҰҚК-нің құрамында халықаралық санаттағы спорт шеберлері мен тәжірибелі спортшылар жетерлік. Дегенмен ең мықты команда алаңда анықталды», - дейді А. Омарқұлов.
Аталмыш біріншілік ҚР Ішкі істер органдарының құрылғанына 20 жыл толуына орай өтті.