Астанада инклюзивті білім алушыларға арнайы жабдықталған кабинет ашылды
АСТАНА. KAZINFORM — Әлихан Бөкейхан атындағы № 76 мектеп-лицейінде Астана қалалық білім басқармасы және «Самұрық-Қазына» компаниясы өкілдерінің қолдауымен инклюзивті білім алушылар үшін арнайы жабдықталған кабинеттің ашылу салтанаты өтті. «Бар мейірім балаға» деген атаумен өткен іс-шараға ата-аналар белсенді қатысып, игі іске атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді.
Инклюзия — ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға толерантты қарым-қатынасты қалыптастыру.
Ал, инклюзивті білім беру — әртүрлілікті, тарқата айтсақ, әр түрлі қажеттіліктер мен қабілеттерді, оқушылар мен қауымдастықтарды оқытудағы сипаттамалар мен үміттерді ескере отырып, барлығына сапалы білім беруді қамтамасыз етуге, кемсітушіліктің барлық нысандарын жоюға бағытталған жалпы білім беруді дамытудың үздіксіз процесі.
Әлихан Бөкейхан атындағы № 76 мектеп-лицей мектебінің басшылығының айтуынша үздіксіз процес нәтижелі жалғасын табуы үшін биылғы оқу жылында аталған мектепте барлық оқушыға қолайлы жағдай жасалған. Оның ішінде ерекше оқушыларға арнайы кабинеттер жасақталды.
Онда заманауи арнайы құрал-саймандар, әдістемелік-практикалық құралдар мен қысқасы не керектінің бәрі бар. Ендігі жерде балалар қүрылғылардың көмегімен айналаны танып-біліп, білімін жетілдіре алады.
Бүгінгі іс-шарадан оқушылардың жүздері жарқырап, өздері үшін жасалып жатқан игі істі қуанышпен қабылдап жатқанын эмоцияларынан-ақ аңғару қиын болмады. Сондай-ақ, ата-аналардың тарапынан да мектеп ұжымына деген шынайы ықыластары байқалды.
Ата–аналардың бірі Ұлжамал Жандарқызы игі іске мұрындық болған жандарға ризашылығын білдіріп, барлық ата-ананың атынан алғысын жаудырды.
«Әрине, мұндай игі істің біздің мектебімізде жүзеге асып жатқаны - қуантарлық шаруа. Көзімізден қуаныштың жасы шығып, мәз-мейрам болып жатырмыз. Ерекше балалар үшін жасалған әр іс сауапқа толы екенін айтқым келеді. Бұл ретте, осы маңызды жұмысқа атсалысқан барлық азаматтарға алғысымды білдіремін. Жалпы, соңғы жылдары елімізде ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға барлық қолайлы жағдай жасалып жатқанын атап өткен жөн. Сәйкесінше, ерекше балалар өздерін қоғамнан оқшау сезінбей, қалыпты өмір сүруге бейімделіп келеді», — деді ол.
Айта кетейік, елімізде инклюзивті білім беру саласында психологиялық-педагогикалық қолдаудың 3 деңгейлі моделі енгізіледі.
Әуелі педагог баланың жеке ерекшеліктерін ескеріп оқытады. Нәтиже бермесе, арнайы мамандар жұмылдырылмақ.