Астанада инновациялық емдеу әдісінің арқасында 10 науқас ми қан тамырлары ауруынан жазылды

АСТАНА. 31 қазан. ҚазАқпарат - Елордада ми қан тамырларын емдеудің инновациялық әдісі енгізіліп, 10 науқас аталған індетінен жазылды. Бұл туралы №1 қалалық аурухананың баспасөз қызметіне сілтеме жасап astana.kz хабарлады.

Астанада инновациялық емдеу әдісінің арқасында 10 науқас ми қан тамырлары ауруынан жазылды

Бұл әдіс үстіміздегі жылдың шілде айында №1 қалалық аурухананың интервенциялық рентгенхирургия бөлімшесінің хирургтарымен енгізілген. Ол ми қан тамырларының аневризмасын микроспиральдермен эмболизациялауды емдеуге көмектеседі. «Аневризма - зұлым ауру. Онымен өмір бойы сүруге болады, не болмаса жүйке күйзелісінен кейін ол жарылып, миға қан кетуі мүмкін. Нәтижесінде, адам көз жұмады немесе мүгедек болып қалады. Хирургиялық көмек көрсетілмеген жағдайда, ауру белең алған алғашқы жылы науқастардың 70% қайтыс болады, тірі қалған 25% мүгедек болып қалады. Қазіргі уақытта дүние жүзінде аневризманы емдеудің ең тиімді жолы - эндоваскулярлық (тамырішілік) ем болып табылады», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, №1 қалалық аурухана Қазақстандағы эндоваскулярлық емнің озық шағын инвазиялық әдістерін, соның ішінде ми қан тамырларының аневризмасын микроспиральдермен эмболизациялаудың әдістерін қолданады. Еске сала кетейік, бүгінгі таңда инновациялық әдісті енгізудің және №1 қалалық аурухананың рентгенхирургтарының жоғары кәсіпқойлығының, клиниканың қазіргі заманғы қондырғылармен жабдықталуының арқасында он пациенттің ми аневризмасының жарылуына және оның асқынуына жол берілген жоқ.