Астанада инновациялық идеялардың республикалық фестивалі басталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында екі күндік «Жастар Отанға» атты инновациялық идеялардың республикалық фестивалі басталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Айтулы фестивальге Қазақстан бойынша инновациялық идеялары бар 500 дарынды жас өрен қатысуда. Жобалардың тұсаукесерлері 8 бағыт, атап айтқанда, «ІТ технологиялар», «Медицина», «Қалдықтарды пайдаға жарату», «Ауыл шаруашылығы», «Энергетика», «Қызмет көрсету саласы», «Ақылды технологиялар», «Инновациялар» бойынша өтеді.
«Бүгінгі көрмеде талантты жастарымыз өзінің ойлары мен идеяларын жаңа деңгейге көтере білген секілді. Қазіргі таңда әлемдік ықпалдастық мен Елбасымыздың еңбегінің нәтижесінде жастарымызға көптеген мүмкіндіктер ашылып отыр. Білімді шыңдап, жаңа асуларды бағындыруға қабілеттеріңіз жетеді. Әрбір азамат жасаған жобасының мемлекет үшін пайдалы екенін сезіне білуі керек. Қанша талапты қатысушы болса, сонша игі жоба бар деп есептейміз. Күні-түні жасаған еңбек нәтижеге жеткізеді. Қазақстанда 130-дан аса университет бар. Үлкен дүниелер Астана мен Алматыда ғана жасалады деген ой болмауы керек. Кезінде мықты ғалымдардың өздері де облыс орталықтарынан шығып жатты. Біз университетке қарап жеңімпазды таңдамаймыз. Жасөрен өз талабын көрсете білуі тиіс», - дейді Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-ның ректорының міндетін атқарушы Дихан Қамзабекұлы.
Екі күндік фестиваль барысында қатысушыларға белгілі тәлімгерлер, бизнес сәттілігін жаттықтырушылар, кәсіпкерлік саласының танымал мамандары мен бизнес жаттықтырушылары үйрететін болады.
Ең үздік инновациялық идеялардың иегерлері жобаның ақтық кезеңінде 29 қазан күні өз жобаларын қазылар алқасының алдында таныстырады. Фестивальдің жеңімпаздары Мәскеу қаласындағы Плеханов атындағы РЭУИ нкубаторында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болады.
Сонымен бірге, 3 жеңімпазға «Synergy Global Forum Алматы 2017» халықаралық форумына қатысубилеті тапсырылады.
Айта кетейік, бұл шараны ҚР Дін істері мен азаматтық қоғам министрлігі, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ, Жастар іскерлік кеңесінің қолдауымен «Болашақ» қауымдастығы өткізіп отыр.