Астанада «Интеграция: тіл, мәдениет, салт-дәстүрлер» атты халықаралық білім беру жобасының тұсаукесері өтеді
АСТАНА. 23 маусым. ҚазАқпарат - Осы жылдың 25 маусымында сағат 15.00-де Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада («Мәжіліс» залы) ғылыми-зерттеу академиясы және «Тілдарын» тілдерді оқыту инновациялық технологияларының
әдістемелік орталығы әзірлеген жаңа әдістеме бойынша мемлекеттік тілді жеделдетіп оқыту жазғы тіл мектебі негізінде өтетін «Интеграция: тіл, мәдениет, салт-дәстүрлер» атты халықаралық білім беру жобасының тұсаукесері өтеді. «Қазақстан халқы Ассамблеясы қоры» Қоғамдық қоры жанындағы «Тілдарын» тілдерді оқыту инновациялық технологияларының әдістемелік орталығы, әлемге әйгілі лингвист Дмитрий Петровтың тәжірибесі негізінде мемлекеттік тілді жеделдетіп оқытудың бірегей әдістемесін әзірледі. Бұл туралы «Тілдарын» тілдерді оқыту инновациялық технологияларының әдістемелік орталығының баспасөз қызметі хабарлайды.
«Тілдарын» инновациялық әдістемесінің тұсаукесері Астана, Атырау, Павлодар, Алматы, Қарағанды, Орал, Көкшетау қалаларында өтеді. Ұсынылған әдістеме мемлекеттік тілді оқытушылар, білім беру қызметкерлері мен лингвисттер арасында көп қызығушылықтар танытты.
«Қазақстан халқы Ассамблеясы қоры» Қоғамдық қоры жанындағы «Тілдарын» тілдерді оқыту инновациялық технологияларының әдістемелік орталығы «LSEGroup» білім беру орталығымен бірігіп, бірегей әдістемені дамыту мақсатында 2012 жылдың 15 маусымынан 6 қыркүйек аралығында Түркияның Кемер қаласында өткізілетін «Интеграция: тіл, мәдениет, салт-дәстүрлер» атты ең ауқымды халықаралық жобаға қатысты.
Жобаға Қазақстан, Ресей, Түркия, Чехия, Швейцария елдерінен 800-ге жуық өкілдері қатысты.