Астанада «InterFood Астана 2011» тағам өнеркәсібі бойынша халықаралық көрме өтіп жатыр

АСТАНА. 27 cәуір. ҚазАқпарат /Айнұр Кенебаева/ - Астанада «InterFood Астана 2011» тағам өнеркәсібі бойынша халықаралық көрме өтіп жатыр. Аталмыш көрме - осымен 13 рет өткізіліп отырған ауқымды шара. Бүгін астаналық «Көрме» кешенінде халықаралық көрменің салтанатты ашылу рәсімі болды.

Астанада «InterFood Астана 2011» тағам өнеркәсібі бойынша халықаралық көрме өтіп жатыр

Көрменің ауқымды экспозициясында тағам өнімдерінің, сусындардың, наубайханалық, кондитерлік өнімдердің жабдықтары мен көкөніс, жеміс өңдеуге және консервілер өндірісіне арналған жабдықтардың, жаңа технологиялық құрылғылардың таныстырылымы өтіп жатыр. Сонымен қатар тағам индустриясына қажетті басқа да бұйымдар мен қызметтер жұртшылық назарына ұсынылуда.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы көрменің ауданы өткен жылғымен салыстырғанда 50%-ға ұлғайған. Көрменің жалпы ауданы 1200 шаршы метрді құрайды.

Көрмеге Қазақстанмен қатар Беларусь, Молдова, Қытай, Корея, Ресей, Украина, Чехия сынды елдерден келген 80 астам сан алуан компаниялар қатысып жатыр.

«Қазіргі таңда іскерлік байланыстарды қалыптастырудың ең тиімді механизмдерінің бірі - көрмелік, жәрмеңкелік шараларды ұйымдастыру, сондықтан да елімізде өтіп жатқан халықаралық тағам өнеркәсібінің көрмесі тағам индустриясы саласындағы жаңа технологиялық шешімдермен таныстырып, тиімді серіктестік орнатуға септігін тигізбек», - деп шараның негізгі мақсатына тоқталды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі Арман Мұқанов көрменің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.

Көрме барысында «Сапа дәстүрлері» атты тағам өнімдері мен сусындардың кәсіби дегустациясын ұйымдастыру жоспарланған. Дегустацияға ұсынылған үлгілерді Қазақстан тамақтандыру академиясы мамандарынан құралған қазылар алқасы бағаламақ.

«InterFood Астана 2011» көрмесін өзінің ITE Group Plc (Ұлыбритания) ITE China (Қытай) сынды халықаралық серіктестерімен бірлесе қазақстандық «Iteca» көрме компаниясы ұйымдастырып отыр.