Астанада ірі көлемді ағаштар отырғызыла бастады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада ірі өлшемді ағаштарды отырғызу науқаны басталды. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ағаштардың ұзындығы 6-8 метрге дейін жетеді. Барлығы «Астана-Көгалдандыру» тәлімбақтарында технология мен ғылыми тәсіл бойынша өсірілген. Қалалық жағдайда отырғызуға бейімдендірілген.
«Қазіргі таңда ағаштар отырғызылатын учаскелер анықталды. Олар: Бейсеков көшесі, Алаш тасжолы, Қошқарбаев даңғылы. Сонымен қатар Мәңгілік ел даңғылы бойына да ірі ағаштар отырғызу жоспарланып отыр, – дейді «Астана-Көгалдандыру» компаниясының директоры Айбар Наурызәлі.


Аталмыш ұйым өкілдерінің айтуынша, ірі ағаштар отырғызылған аймақтар тамшылатып суару жүйесімен жабдықталатын болады. Бұл олардың жерсініп кетуіне жақсы көмектеседі.
«Әкімнің тапсырмасы бойынша, қаланы көгалдандыру концепциясы әзірленді. Соған сәйкес қазір өсіп тұрған ағаштарды қорғап, жаңа жерлерге ірі жапырақты ағаштарды егу жұмыстары жүргізіледі, – дейді А.Наурызәлі.