Астанада ішімдік ішкен 237 көлік жүргізушісі ұсталды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Астанада үш айда 16 мыңнан астам жол-көлік ережесін бұзу фактісі тіркелген. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімет етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атап айтқанда, 237 жүргізуші ішімдік ішкен күйде көлік құралын жүргізген. Олардың төртеуі жол апатына ұшырады.
Сондай-ақ, жол-көлік оқиғасына 3 қоғамдық көлік жүргізушісі мен 14 кәмелетке толмаған жасөспірімнің қатысы болды.
«Жалпы, 3 айда 113 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оның 93-і жүргізушілердің, 20-сы жаяу жүргіншілердің кінәсінен. 2 адам қаза тапты, 121 адам жарақат алды», - делінген баспасөз қызметінің ақпаратында.
Жол жүру ережесін 1,8 мыңнан астам жаяу жүргінші бұзған. Коммуналдық тұраққа 697 көлік құралы орналастырылды.
Елордада көше-жол желісінің жалпы ұзындығы 1,2 мың шақырымнан асады. Сондай-ақ, қалада «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешенінің 700 бекеті жұмыс істейді, оның ішінде 6000 камера және 12 «Интегра-КДД» зияткерлік қиылысындағы 119 камера бар.
«Күн сайын маршруттарға тексеру жүргізіледі, көше-жол желісінің кемшіліктері анықталады. Анықталған фактілер бойынша фототіркеу жүргізіледі және кемшіліктерді жою үшін ақпарат тиісті ұйымдарға, қаланың аудандық әкімдіктеріне, сондай-ақ ден қою шараларын қабылдау үшін «iKomek 109» қызметінің телефонына жіберіледі», - деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ адам көп жиналатын жерлерде болатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтарға дер кезінде әрекет ету мақсатында патрульдік жасақтар саны арттырылып, түрлі демалыс және қоғамдық тамақтану орындарына жақын маңайларда патрульдік қозғалыс бағыттары үйлестірілген.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, елорда бағдаршамдарына «бәріне ортақ қызыл түс» енгізіліп жатыр.