Астанада ішкі істер органдарының қызметкерлері арасында «Парасатты полицей» атты республикалық семинар конкурс басталды
АСТАНА. Қазанның 28-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Астанада ішкі істер органдарының қызметкерлері арасында «Парасатты полицей» атты республикалық семинар конкурс басталды.
Аталмыш шараға еліміздің әр аймағынан келген 160 тәртіп сақшысынан құралған 18 команда бақ сынасуда. Конкурс ережесі бойынша олар ең алдымен өздерін көпшілікке таныстырады.
Екінші кезеңде байқауға қатысушылар полиция қызметкерінің ерекшеліктеріне байланысты өз ойын ықшам әрі қызықты етіп сахналық көріністермен бейнелейді. Онда жаңа технологияларды кеңінен пайдалануға болады. Ал үшінші кезеңде әр командадағы тәртіп сақшысы қоғамда туындауы мүмкін кез келген жағдайда қалай әрекет ететінін кәсіби шеберлігі мен біліктілігін пайдалана отырып, сахнада көрсетуі керек. Сондай-ақ төртінші кезең «көркем сөз сайысы» деп аталады. Онда сайысқа түсуші топ мүшелері өздеріне берілген орыс тіліндегі терминдердің қазақшасын тауып аударады және сөйлем құрайды. Бесінші кезеңде конкурс үміткерлері патриоттық мазмұндағы немесе полиция қызметіне қатысты ән орындайды.
Шара барысында байқаудың мақсат-міндеттері жөнінде сөз қозғаған Ішкі істер министрлігінің Мемлекеттік тіл және ақпарат департаменті бастығының орынбасары Қаламқас Темірованың айтуынша, байқау биыл тұңғыш рет ұйымдастырылуда. Конкурс осыған дейін еліміздің аймақтарындағы департаменттерде ұйымдастырылған. Содан іріктелген үздік командалар бүгін елордаға жиналып отыр. «Конкурстың мақсаты ішкі істер органы қызметкерлері арасында мемлекеттік тілді насихаттау. Бүгінгі Ішкі істер министрлігіндегі іс-қағаздардың 94 пайызы мемлекеттік тілде жүргізіледі. Бүгінде республика бойынша қазақ тілін оқыту курстарында 20 мыңға тарта қызметкер оқуда», деді департамент бастығының орынбасары.