Астанада ислам қаржы қызметтерін енгізу мәселелері талқыланды
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Islamic Financial Services Board (IFSB) бірлесе отырып, ислам қаржы қызметтері кеңесінің стандарттарын енгізу бойынша семинар өткізді. Бұл туралы ҚазАқпарат Орталықтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Азия Даму банкінің қолдауымен өтіп жатқан семинарға ТМД елдерінің орталық банктері мен қаржы нарығы өкілдері қатысты.
Семинар исламдық банк қызметін реттеудің басты қағидалары, оның ішінде исламдық «терезелер», тәуекел-менеджмент, капитал жеткіліктілігі және исламдық қаржыландыру қағидаттарына сәйкес басқару жүйелері бөлігінде IFSB стандарттарын егжей-тегжейлі және практикалық зерделеуге бағытталған.
Исламдық қаржыландыру департаментінің директоры Әлібек Нұрбеков исламдық қаржы АХҚО қызметінің басым бағыттарының бірі екендігін атап айтты.
«Семинар исламдық қаржыландыру саласындағы кәсіби дамуға бағытталған АХҚО-ның көп бастамаларының бірі. Осындай іс-шаралардың өткізілуі өңірдегі қаржы қызметтерінің ислам индустриясындағы адами капиталды дамытуға ықпал етеді және тұтастай алғанда АХҚО-ны исламдық қаржыландырудың өңірлік хабы ретінде қалыптастыруға жәрдемдеседі», - деді Ә. Нұрбеков.
Семинар жұмысына АХҚО өкілдері, ТМД елдерінің орталық банктерінің өкілдері, Қазақстан Республикасы министрліктерінің өкілдері және де ТМД қаржы институттары мен қазақстандық қаржы нарығының өкілдері қатысты.
IFSB - исламдық қаржы институттарын тиімді бақылау және реттеуге арналған стандарттарды әзірлейтін халықаралық орган. IFSB өз құзыреті шеңберінде ислам қаржы саласына арналған пруденциялық стандарттарды әзірлейді, сондай-ақ исламдық қаржыландырудың (банкинг, сақтандыру, капитал нарығы) қадағалау және реттеу стандарттарын жариялайды. АХҚО IFSB-ге 2017 жылы кірді.