Астанада IV бүкілқазақстандық «Choreo» қазіргі заманғы хореография байқауы өтуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада IV бүкілқазақстандық «Choreo» қазіргі заманғы хореография байқауы басталды.

Астанада IV бүкілқазақстандық «Choreo» қазіргі заманғы хореография байқауы өтуде

«Choreo» - Астанада ең жарқын әрі талантты бишілерді жыл сайын жинайтын би байқауы. Ауқымды хореографиялық шоу өзінің көлемі мен мәртебесі жағынан елімізде ең беделді болып табылады.

Айта кетейік, ең алғашқы бүкілқазақстандық байқау 2013 жылы ұйымдастырылған болатын және осы уақытқа дейін «Luxury Dolls» деп аталып келді. Шараның жаңа деңгейге өтуіне байланысты аталмыш байқауға толығымен ребрендинг жасау туралы шешім жасалды. Енді ол алғаш рет «Choreo» атауымен өткізілуде. Үш күн ішінде шоуды шамамен 400-ге тарта адам тамашалайды деп күтіліп отыр.

Шараны Istina би академиясы мен Logovo атты шығармашылық жоба ұйымдастыруда.

Байқау мақсаты - түрлі стильдерде өнер көрсететін талантты ұжымдар мен әлеуеті зор спортшыларды анықтау және қазақстандық бишілерге халықаралық хореографтармен тәжірибе алмасуға мүмкіндік беру.

Алдыңғы жылдарда жеңіске жеткен қатысушылар үлкен сахнаға шығуға мүмкіндік алғаны белгілі. Мысалы, теміртаулық Мария Главатских Мәскеу қаласындағы «Girls Community» би ұжымының құрамына өтсе, Мадина Бейсекеева «ТНТ» телеарнасының «Танцы» бағдарламасына қатысуға мүмкіндік алды. Көптеген қатысушылар шетелде білім алуда.

Байқаудың биылғы жүлде қоры жарты миллион теңгені құрап отыр.

 «Choreo» аясында 26 ақпан айында 6 мен 11 жас аралығындағы балалар және 12 мен 15 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында CHOREO Champ атты чемпионат өтеді. Ал 27 ақпан күні Istina би академиясында Қазақстан мен Ресей хореогравтарының шеберлік-сыныптары өткізіледі. Байқаудың ақтық сыны 28 ақпанда Astana Mall сауда үйінде өтеді. THE FINAL GRAND SHOW CHOREO жүргізушілері Иван Эрнст пен Григорий Хлыстун болады. Музыканы астаналық танымал ди-джейлер AST Production мен DJ Lustoff қамтамасыз етеді.