14:23, 23 Қараша 2014 | GMT +5
Астанада Қабанбай батыр мен Керей және Жәнібек хандар көшесіндегі ЖКО фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананың Ішкі істер департаменті сенбі, 22 қарашада орын алған жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы телефон бойынша қаланың ІІД баспасөз хатшысы Софья Қылышбекова хабарлады.

«Жолаушылардың бірі Астана ІІД-ге шағым түсірген. Қазіргі уақытта қылмыстық кодекстің 296-бабы 1-бөлімі "Абайсызда адамның денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтірген автомобильді, тролейбусты, трамвайды не басқа да механикалық көлік құралын жүргізуші адамның жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы» бойынша қылмыстық іс қозғалды», - деді ол.
Бірқатар сараптама тағайындалды, тергеу амалдары жүргізілуде. Жүргізушілердің ешқайсысы әзірге қамауға алынған жоқ, - деп атап өтті ІІД баспасөз қызметінен.
Еске салсақ, 22 қарашада Астанада Қабанбай батыр мен Керей мен Жәнібек хандар көшелерінің қиылысында жолаушылар автобусы мен бетон араластырғыщ КамАз соқтығысқан. Екі көлік те қатты зақымданды.