Астанада қалаға қажетті мамандықтар көрмесі ашылды
АСТАНА. 25 қыркүйек. ҚазАқпарат - Астанадағы Конгресс-Холл сарайында елордаға қажетті мамандықтар көрмесі, сондай-ақ бос орындар жәрмеңкесі ашылды.
Қос іс-шара биыл алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Ондай бастаманың негізгі мақсаты - мектеп мен колледж түлектерін сұранысы жоғары мамандықтармен таныстыра отырып, жұмысқа орналастыру. Көрмеде 30-дан астам аса қажетті мамандықтармен танысуға мүмкіндік бар. Ал бос орындар жәрмеңкесінде жас мамандарға 1 мыңнан астам бос қызмет орындары ұсынылып отыр.
«Бүгінгі таңда Астанаға құрылыс саласының мамандары, оның ішінде әрлеуші, сылақшы, ұста, дәнекерлеуші және тағы басқалар ауадай қажет. Сондай-ақ қызмет көрсету саласында жұмыс істей алатын аспазшы, даяшы, бармен мен менеджерлер көптеп дайындалса екен дейміз. Жалпы, қазіргі кезде елорданың құрылысына 1 мыңдай маман қажет болса, медицинаға шамамен 200-дей қызметкер керек», - дейді Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқарма бастығының орынбасары Олжас Омаров.