Астанада «Қалалар айқасы» халықаралық әзіл-сықақ фестивалі өтеді
Бұл туралы Астана қаласының 16 жылдығына арналған мерекелік шараларды дайындау және өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің медиа-штабынан хабарлайды.
Тек осы күні Астана шексіз шат күлкінің шаңырағына айналады. Қыран-топан күлкіге батыратын жекпе-жек барысында Ресей мен Қазақстанның танымал телевизиялық жобалары көрсетіледі.
Фестиваль бағдарламасына әзіл-сықақ бағдарламаларының көшбасында тұрған «Мәссаған» жобасы, «Лица столицы», «KZландия» скетч шоуы енгізілген. Сонымен бірге «Наша Rusia», «Comedy Club» тележобаларының авторы «Comedy Club» айтулы мүшесі - «Семен Слепаков», КТК ойындары атынан «Нарты из Абхазии» думанды тобы қатысады.
«Қалалар айқасы» жобасының жүргізушілері - КТК ;оғары лигасының чемпионы Эндрю Нджогу (Мәскеу) және Дәуіт Шайхисламов.
Жаңа форматтағы баламасы жоқ әзіл-сықақ жекпе-жегі алғаш рет ұйымдастырылмақ. Шарада әр жоба астарлы күлкі сыйлайтын өз өнерлерін ортаға салмақ. Ал оларды танымал тұлғалардан тұратын қазылар алқасы бағалайтын болады. Шара қорытындысы бойынша «Қалалар айқасы» халықаралық жекпе-жегінің жеңімпазы анықталып, үздіктерге естелік сыйлықтар табысталады.