Астанада қалалық алаңдарда мерекелік концерттер өтіп жатыр (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордадағы Оқушылар сарайының алдындағы алаңда балалар мен ата-аналарға арналған «Айналайын Астанам, асқақ әнім!» мерекелік бағдарламасы өтті.

Астанада қалалық алаңдарда мерекелік концерттер өтіп жатыр (ФОТО)

Сахнада Оқушылар сарайының тәрбиеленушілері өнер көрсетіп, ән мен биден шашу шашты. Кішкентай көрермендер көңілді қуыршақтармен би билеп, көңіл көтерді, деп хабарлайды astana.kz . Астана әкімдігінің алдындағы қалалық алаңда «Астана самалы» фестивалі аясында үрмелі аспаптар оркестрлерінің плац-концерті көпшілік үшін тамаша тарту болды. Алаңда Астана қаласының әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының үрмелі аспаптар оркестрі, Ұлттық Ұлан орталық үрмелі аспаптар оркестрі, Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының үрмелі аспаптар оркестрі және Омбы филармониясының үрмелі аспаптар оркестрі өнер көрсетті. Күннің екінші жартысында үрмелі аспаптар оркестрлері «Студенттік», «Ғашықтар» және «Жерұйық» саябақтарында әр түрлі музыкалық шығармалар орындады, шараны тамашалаушыларға марштардан бөлек, вальстар мен заманауи композициялардың интерпретациясы ұсынылды. «Астана самалы» фестивалінің барлық ұжымдары 6 шілде күні сағат 10:00-де Республика даңғылы бойында «Астана» Ұлттық сурет галереясынан қалалық алаңға дейін жүріп өтетін қорытынды шеру-концертке қатысады. Еске сала кетейік, Астана күні құрметіне қала тұрғындары мен қонақтары үшін 100-ден астам шара өтеді, олардың көпшілігі ашық алаңдарда болады. Мереке күндері қалалық саябақтар, алаңдар мен шағын бақтарда ойын-сауықтық концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады.