Астанада «Қалалық Дельфий ойындары» басталады

АСТАНА. 13 маусым. ҚазАқпарат - Міне, 9 жыл қатарынан елордада «Қалалық Дельфий ойындары» өткізіліп келеді. Байқауда бас қаланың жас таланттарына республикалық және халықаралық Дельфий ойындарына жолдама алу мүмкіндігі туады. Биылғы жылы «Қалалық Дельфий ойындары» Астананың 15 жылдық мерейтойына орайластырылып отыр.

Астанада «Қалалық Дельфий ойындары» басталады

Ойын ертең, 14 маусымда «Жастар» сарайында басталады. Байқауды Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен «Елорда-2030» қоғамдық қоры ұйымдастырып отыр.

«Іс-шара сағат 10.00-де ашылып, күні бойы жүретін болады. Қатысушылар екі топқа бөлініп, бірі Мектеп оқушылар сарайында, екіншілері сол жердегі концерт залында бәсекелесетін болады. Кештің соңы «Жастар» сарайында 18.00-де гала-концертке жалғасады», деп хабарлайды astana.kz сайтына басқармадан.

Қазақстанда Дельфийлік қозғалыс 2002 жылы басталып, бүгінгі күні ол «Іріктелген аймақтық Дельфий ойындарын өткізу туралы» ҚР білімді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі 2011-2015 жылдың іс-шаралар жоспарына енді.

Іс-шараның мақсаты ұлттық құрама жүлдегерлерін дайындап, командалық жарыстардың деңгейін көтеру, ТМД-ға мүше мемлекеттердің жастар Дельфий ойындарында Орта Азия мемлекеттері жастары арасында Қазақстанның көшбасшылық ұстанымын жақсарту болып табылады.

Биылғы жылы қалалық ойындарда өз шығармашылығын 100 қатысушы көрсететін болады. Олар - С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Астананың гуманитарлық және политтехникалық колледж студенттері, қаланың №65, №64, №53, №15 орта мектептері, №1 лицей оқушылары, Қаз ҰӨУ университеті мен колледжі студенттері.

Ойындар екі жас ерекшелігінде: кіші топ - 10-15 жас, ересек топ - 16-21 жас аралығында өтеді.

Жеңімпаздар 12 аталым бойынша анықталады. Олар: «фортепьяно», «скрипка», «баян, аккордеон», «домбыра», «қобыз», «дәстүрлі әншілік», «эстрада әні», «академиялық ән», «ұлттық би», «қазіргі заманғы би», «бейнелеу өнері» және «фотография» аталымдары. «Академиялық ән» аталымына қатысушылар екі бөлек жас ерекшелігі бойынша: кіші (16-20) және ересек (20-21) жас аралығында өтеді.

Дельфий ойындары - классикадан бастап қазіргі жанрдағы барлық өнер түрлерін біріктіретін жарыс түрінің бірі. Бұл әлемнің түрлі мәдениеті мен талантты адамдарының басын қосып, өздерін-өздері дамытуға, ширықтыруға мүмкіндік беретін ең беделді іс-шара болып саналады.