11:48, 19 Мамыр 2009 | GMT +5
Астанада қалалық жас ақындар айтысы өтеді
АСТАНА. Мамырдың 19-ы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Күлтегін» мейрамына арналған қалалық жас ақындар айтысы өтеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Айтысқа Жандарбек Бұлғақов, Иранғайып Күзембаев, Дидар Қамиев, Еркебұлан Қайназаров, Мейіржан Әлібеков, Гүлзия Кәлембетова сынды республикамызға танымал жас ақындар қатысады. Өнер додасының мақсаты ? жастар арасында отансүйгіштік құндылықтарын насихаттау, ұлттық рухты қалыптастыру, төл өнерімізді дамыту.«Айтыс барысында сонау Күлтегін кезеңінен бастау алған түркі халықтары тарихы мен қазақ хандығы дәуірінен басталатын ұлттық тарихымыз, Елбасы негізін қалаған Еуразия ұлттық университетінің соңғы жылдары қол жеткізген жетістіктері жырланады. Сонымен қатар ұлттық атамұра өнеріміздің ертеден қалыптасқан қыз бен жігіт айтысы, сүре айтыс, түре айтыс сияқты түрлеріне ерекше басымдық беріледі. Айтыс жастарға арналғандықтан, бүгінгі қоғамдағы жас ұрпақтың бойындағы ұнамсыз мінездері өткір сынға алынып, оларды жасампаздыққа, ізгі істерге жетелеу айтыстың басты тақырыбына айналмақ», - дейді белгілі айтыскер-ақын Серікзат Дүйсенғазин.Айта кетейік, айтыс Еуразия ұлттық университетінің оқу-зертханалық ғимаратының концерт залында сағ. 16:00-де өтеді.