Астанада кәмелетке толмаған көлік ұрлаушы ізі суымай қолға түсті

Шетел автокөлігінің қолды болғаны туралы ақпарат Астана қалалық ІІД ЖПб кезекші бөліміне бүгін таңертең ертемен келіп түсті. Осы хабар бойынша дереу із кескен полиция қызметкерлері араға бір сағат салып, көлік ұрлаушыны қолға түсірді. Ол Тараз қаласының еш жерде жұмыс істемейтін 17 жасар тұрғыны болып шықты.
Ұсталған азаматтың айтуынша, ол Астанаға нәпақа табу үшін келген екен, дегенмен одан ештеме шықпаған. Содан ол көшеде келе жатып, ішінде кілті қалып қойған автокөлікті байқап, рөліне отыра сала, туған Таразға қарай бет алған. Бірақ ол «Қызылжар» бекетінен әрі аса алмады. Бұл жердің полиция қызметкерлері қырағылық танытып, жас қылмыскерді дер кезінде құрықтады.
Айта кету керек, тергеу барысында айтылған ұсталған азаматтың сөзі расталды, шынында да көлік иесі асығып жүріп, көлік ішінде кілтті ұмыт қалдырған екен.
«Көлік ұрлығы бойынша ҚР ҚК 185 бабы бойынша қылмыстық іс қозғау туралы мәселе қарастырылуда», - деп хабарлады елордалық ЖПБ баспасөз қызметінен.