Астанада кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау шараларының тиімділігіне байланысты семинар-кеңес өтті
АСТАНА. 26 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Астана қалалық прокуратурасында кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау шараларының тиімділігіне байланысты семинар-кеңес өтті.
Аталмыш шара кәмелетке толмағандардың ісімен айналысатын полиция инспекторлары мен әлеуметтік педагогтардың, білім беру саласы мамандарының қызметінде жасөспірімдердің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына жол бермеу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Жиын барысында кәмелетке толмағандар мен олардың ата-аналары қатысушы болып табылатын істер бойынша өзекті деген мәселелер талқыға түсті.
Жиында осы бағытта келтірілген мәліметтерге қарағанда, бүгінде ішкі істер органдарының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі бөлімшелерінің есебінде 555 жасөспірім тұр. Олардың 33-і шартты түрде сотталған болса, 39-ы кәмелеттік жасқа толмауына байланысты қылмыстық жазадан босатылған. Семинарда прокуратура өкілдері кәмелетке толмағандардың істеріне қатысты бірқатар проблемалар жөнінде де әңгімеледі.
Астана қалалық прокурорының аға көмекшісі Ольга Ионованың айтуынша, бүгінде өзінің ата-аналық міндеттерін орындамай жүрген азаматтарды жауапқа тарту міндетін мектеп инспекторлары талапқа сай атқара алмай отыр. Біріншіден, мектеп инспекторлары ата-аналық міндеттерін орындамаған азаматтарды жауапқа тарту және істі сотқа жолдау үшін қажетті құжаттарды толық жинай алмайды. Кей жағдайда олар сотқа қажетті құжаттарды дайындауды тым ұзаққа созады. «Оның басты себебі инспекторлар жекелеген заңдар мен олардың баптарын біле бермейді. Ал «Неке және отбасы туралы» заңды мектеп инспекторлары да, әлеуметтік педагогтар да жақсы білулері керек», -дейді прокурордың көмекшісі».
Ал ішкі істер органдарының өкілдері арнайы есепте тұрған кәмелетке толмағандармен сауықтыру шараларын толыққанды жүргізбейді. Сонымен қатар олар құқықбұзуға бейім балаларды ерте бастан анықтап, тиісті шара қолдану жұмыстарында да салақтық танытып отыр.