Астанада қанат қаққан «Ақбалапан»
АСТАНА. 19 желтоқсан. ҚазАқпарат - Ертең Астана қаласында Орталық балалар және Жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Еуразия жазушылар одағының мүшесі, Жазушы Жәди Шәкенұлының балаларға арналған «Ақбалапан» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтеді.
«Бір уыс сәуле», «Қаралы көш», «Жалғыздың үні» секілді кітаптар жазған жазушының бұдан бұрын балалар тақырыбында «Ақбота», «Балқаймақ» кітаптары жарық көріп, бір бөлім мысал әңгімелері бастауыш сынып оқулықтарынан да орын алған еді.
Балалар мен жасөспірімдерге арналған бұл кітаптың тілі жеңіл, оқиғасы қарапайым болып, тәрбиелік мәні аса зор. Мұндағы өлең, жаңылтпаш, күлдіргі, мысал әңгімелер балдырғандарымызды - адал, иманды, еңбексүйгіш, отаншыл ұрпақ етіп тәрбиелеуге жетелеп, оларды адамдықтың ақ жолына бастайды.
Кітап Алматы қаласындағы «Мерей» баспасынан жарық көріп отыр.
Аталған кітаптың тұсаукесер рәсіміне белгілі ақын, жазушы, қаламгер қауым өкілдері, кітапханашылар мен балдырған оқырмандар қатысады. Автор кітабы балалар кітапханаларына сыйға таратылады. Жазушы шығармашылығы туралы ой, пікірлер ортаға салынумен бірге бала оқырмандар «Ақбалапан» кітабынан шұрайлы шығарамаларды жатқа оқып, кеш соңы ән-күйге ұласады.
Кітап тұсаукесері Орталық балалар және Жасөспірімдер кітапханасында 20 желтоқсан күні сағат 11:30-да өтеді.