Астанада қандай медициналық нысандар салынады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Алдағы жылдары Астанада бірнеше медициналық нысан салынады. Оның қатарында амбулаторлық кешен, перинаталды орталық, диагностикалық кешен және емханалар бар. Бүгінде кейбірінің құрылысы басталып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сілтеме жасап.
«Бүгінгі таңда елорда аумағында денсаулық сақтау саласы нысандары инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қызу жүріп жатыр. Биыл құны 21,5 млрд теңгені құрайтын 3 нысанның құрылысы аяқталады. Ол патологоанатомиялық бюро, «Нұрлы жол» вокзалы ауданында 1 сәтте 500 адамды қабылдай алатын амбулаторлық кешен және дәл сондай амбулаторлық кешен Ш.Бейсеков көшесі бойында да салынып жатыр», - делінген басқарма хабарламасында.
Ақпаратта айтылғандай, жоғарыда аталған медициналық нысандар инвестиция қаражатына салынып жатыр.
«Одан бөлек, құрылысы 2024-2025 жылдары аяқталатын 10 медициналық нысан салу жоспарланып отыр. Оның ішінде 3-і республикалық бюджет қаражатына салынбақ. Атап айтқанда, 200 орынға арналған 2 перинаталды орталық (Алматы және Сарыарқа аудандарында салынады) және Өндіріс тұрғын үй алабында ауысымына 250 адамды қабылдайтын амбулаторлық кешен. Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен тағы 2 нысан салынады. Ол №2 қалалық көпсалалы аурухананың қабылдау-диагностикалық кешені және №8 қалалық емхананың ересектер мен балалар корпустарын жалғайтын өткел салынады», - дейді ведомстводан.
Сондай-ақ жеке инвестиция тарту арқылы 36 млрд теңгеге 5 емхана салынатыны айтылды.
«Олардың қатарында Тельман тұрғын үй алабында ауысымына 500 адамды қабылдауға арналған амбулаторлық кешен, Пригородный тұрғын үй алабында ауысымына 150 адамды қабылдауға арналған амбулаторлық кешен, Интернациональный тұрғын үй алабында ауысымына 150 адамды қабылдауға арналған амбулаторлық кешен, Жағалау тұрғын үй алабында ауысымына 250 адамды қабылдауға арналған амбулаторлық кешен және «Capital park» тұрғын үй кешенінде ауысымына 250 адамды қабылдауға арналған амбулаторлық кешен», - делінген ресми ақпаратта.
Одан бөлек, №3 көпбейінді қалалық аурухана (бұрынғы теміржол ауруханасы) ғимаратының апатты жағдайда екенін ескеріп, оның орнына Ақан сері мен Еңлік-Кебек көшелері қиылысында жаңа аурухана салу туралы шешім қабылданған.
Сонымен қатар қазіргі уақытта Абылай хан даңғылы мен Қобда қысқа көшесі қиылысында перинаталды орталық құрылысының жобасы – мемлекеттік сараптамадан өткізіліп жатыр.
Бұған дейін Астанада медициналық мамандықтарға бөлінетін грант саны артатыны және медицина қызметшілеріне арналған жатақхана салынатыны туралы хабарлаған едік.