Астанада қанша көлік бар
АСТАНА. ҚазАқпарат – Күн сайын Астанаға жақын елді мекендерден 55 мыңға дейін автомобиль кіреді. Бұл туралы елордадағы Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Арман Айтмағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қаладағы жолдардағы көлік қозғалысына бірқатар фактор әсер етіп жатыр. Күн сайын Астанаға жақын елді мекендерден 55 мыңға дейін автомобиль кіреді. Сонымен қатар қала бойынша таяу шет елдерден келген 20 мыңға жуық автокөліктің қозғалысы тіркелді. Жалпы, қалада тіркелген көліктердің саны 76 мыңға артқан, Атап айтқанда, 2018 жылы 344 146 көлік тіркеуде тұрса, қазір 420 143-ке дейін жетті», - деді А.Айтмағамбетов Астана қаласының коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол ережесі талаптарын орындамауы қайғылы жағдайға әкеліп жатады. Әрбір төртінші жол-көлік оқиғасы, яғни 23,4 пайызы жаяу жүргіншілердің кінәсінен болады.
Айта кетейік, қыркүйекте бір ай бойы полиция қызметкерлері «Абайлаңыз-балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізеді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2023 жылдың басынан полиция қызметкерлері елордада жолдағы қозғалыс бойынша ереже бұзудың 100 мыңнан астам дерегін анықтады. Көлікті мас күйінде басқарған 855 жүргізуші ұсталды, ал апаттық жағдай жасағаны үшін 1 500-ден астам әкімшілік хаттама толтырылды.