Астанада қанша жер үй газға қосылған

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордадағы жер үйлердің 200 мың тұрғыны газбен қамтылған. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Байсадықов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астанада қанша жер үй газға қосылған

«Әкімдік 2020 жылдан бастап тұрғын үй алаптарын газдандыруды бастады. Газ тарату желілерінің құрылысы үш кезекке бөлінген. 2021 жылы газдандырудың бірінші кезегінің, сондай-ақ ішінара екінші кезегінің құрылысы аяқталды. Екінші және үшінші кезектердің қалған бөлігінде жұмыстар 2022-2024 жылдарға жоспарланған. Бүгінде Көктал-1, Көктал-2, Агрогородок, Железнодорожный, Промышленный, Оңтүстік-Шығыс, Күйгенжар, Мичурин, Интернациональный тұрғын алаптарының, сондай-ақ Потанин көшесі ауданындағы қаланың ескі бөлігінің тұтынушылары газға қол жеткізді.

Жалпы, 650 шақырым газбен жабдықтау желісі салынды. Халық саны 200 мыңға жуық 14 мың абонент газбен қамтылды. Газға 5 300 үй қосылған», - деді Бағдат Байсадықов. Сондай-ақ, ол №1 жылу-электр орталығы мен №2 жылу электр орталығындағы 13 қазандық газға ауыстырылғанын еске салды.

«Биыл №1 жылу-электр орталығында тағы 3 энергетикалық қазандықты газға ауыстыру жоспарланған. 15 әлеуметтік нысанда газ қазандықтарын іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізілуде. Қала бойынша 6 мыңнан астам техникалық шарт беріліп, 50 мыңнан астам адамға кеңес берілді. Сондай-ақ, биыл Ильинка, Тельман, Пригородный, Өндіріс тұрғын алаптарына газ желілерін жеткізу жоспарланған», - деді басқар басшысының орынбасары.

Оның айтуынша, аталған шаралар тұрғын үй алаптарын газдандыру ауаға тасталатын зиянды шығарындыларды жылына 40 мың тоннаға дейін төмендетуге жол ашады. «Орталықтандырылған газ желісіне жалғануға қажет құжаттар тізбесі 8-ден 4-ке дейін қысқартылды. Газды есепке алу құралдары тегін беріледі. Халықтың әлеуметтік осал топтарына 450 мың теңге мөлшерінде ақшалай өтемақы төленеді. Банктер үйді газдандыруға арқылы 750 мың теңгеге дейін пайызсыз несие береді. Қайтару мерзімі - бір жарым жыл. Жеке сектор тұрғындары барлық сұрақтар бойынша аудан әкімдіктеріне және «Қазтрангазаймақ» акционерлік қоғамына Республика даңғылы, 24-үй мекенжайы бойынша немесе 55-89-75 телефоны арқылы хабарласа алады», - деді әкімдік өкілі.