Астанада қар құрсауында қалған 3 баланы құтқарған жігіттер марапатталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қалалық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қуанар Базарбаев үш баланы құтқарған батырларды марапаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астанада қар құрсауында қалған 3 баланы құтқарған жігіттер марапатталды

Бүгін ТЖД бастығы Бауыржан Мұқышев, Нариман Секен және Ержан Шекеновті үш баланы құтқару кезінде көрсеткен ерлігі, батылдығы мен қайсарлығы үшін алғыс хатпен марапаттады.

Бұл оқиға биылғы қаңтар айында болған.

12 қаңтар түстен кейін кәмелет жасына толмаған үш бала Сарыбұлақ көшесімен үйіне қайтып келе жатқан. Көше жанында осы аттас өзен бар еді.

8 жасар ұл бала қоршаудан өтіп, өрмелеп жүргенде тепе-теңдікті сақтай алмай өзенге құлайды. Ол белуардан келетін омбы қарға түсіп, одан шыға алмай қалады.

Інісін құтқармақ болған 10 және 12 жасар екі қыз төменге түсіп, оны сүйреп алып шығуға тырысқан. Бірақ өздері де қалың қардың құрсауында қалып қояды.

Балалар жарты сағаттан астам уақыт омбы қардан шыға алмай, сол жерде тұрады. Денесі тоңазып, қорыққан үшеуі бар даусымен айғайлап, көмек сұраған.

Сол мезетте көпірдің жанынан өтіп бара жатқан үш жігіт Бауыржан Мұқышев, Секен Нариман және Ержан Шекенов ойланбастан балаларға дер кезінде көмекке келіп, балаларды қардан алып шығып, құтқарып қалған.

Олар сосын балаларды көлікке отырғызып, үйіне апарады. Көз жасына ие бола алмаған әке үш жігітке алғысын айтты.

Батырлардың бірі Нариман Бейсембайұлы «Қазақстан спортшылар одағы» қоғамдық бірлестігінде төрағаның көмекшісі болып жұмыс істейді.

Құтқарылған баланың ата-анасы оның бокспен айналысуды армандағанын айтты.

«Қазақстандық спортшылар одағы» баланың арманын жүзеге асыру үшін толық спорт жиынтығын сатып алып, оны бокс секциясына жазды.