Астанада қар шығаратын «КАМАЗ» көліктері жетпей жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылдың қазанынан бері Астананың коммуналдық қызметі 2 млн 200 мың текше метр қар тазалаған. Қазір негізгі проблеманың бірі - қарды қала сыртына шығаратын көліктер жетпей жатыр екен. Бұл туралы бүгін кешке қала бойынша рейд өткізген Астана әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астанада қар шығаратын «КАМАЗ» көліктері жетпей жатыр

«Бүгін таңертең 1249 техника шықты, кештен бері 1500 техника қар тазалаумен айналысып жатыр. Қазіргі мәселе - қарды қала сыртына шығаратын «КАМАЗ» көліктері жетпей жатыр. «КАМАЗ»-дар қарды қаладағы үш ауданның әрқайсысына тиесілі, қала сыртындағы қар полигондарына апарады. «Камазды» қарға толтыру үш-ақ минут, бірақ, көліктің полгионға барып келуі ұзақ уақыт алады»,-дейді әкім орынбасары Қ.Айтмұхамбетов.

Биыл қардың ерте әрі көп жауғанына қарамастан, қазір қаланың басты көшелерін тазалап үлгеріп жатырмыз, дейді әкімнің орынбасары.

«Қазан айынан бастап 2 млн 200 мың текше метр қар шығардық. Былтыр қыста 2 млн 900 мың текше метр қар шығарылған еді. 2014 жылы 3.2 млн текше метр, 2015 жылы 3.4 млн текше метр қар шығардық. Алда әлі үш ай қыс бар...»,-дейді әкім орынбасары.