Астанада Қарағанды облысының креативті жәрмеңкесінде 10 млн теңгенің өнімі сатылды
АСТАНА. KAZINFORM- 17-18 қазанда Астанадағы Qazaq Creative Hub алаңында өткен Қарағанды облысының креативті индустриялар жәрмеңкесіне 4 500 адам барып, жалпы құны 10 млн теңгенің өнімі сатылды. Іс-шара Креативті индустрияларды дамыту қорының Creative Aimaq жобасы аясында ұйымдастырылды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жәрмеңкеге өңірдегі шығармашылық кәсіппен айналысатын 80-нен астам суретші, дизайнер, қолөнер шебері, кәсіпкер және технологиялық жоба авторы қатысты.
Көпшілікке ұлттық және заманауи үлгідегі киімдер, авторлық әшекейлер, керамика, кілемдер, киізден жасалған бұйымдар, картиналар және үйді безендіруге арналған заттар ұсынылды. Сонымен қатар Қарағанды облысының өндірістік тарихы мен шығармашылық әлеуетін танытатын көмірден және металдан жасалған көркем бұйымдар көрсетілді.
Жәрмеңкенің бір бөлігінде өнеркәсіптік 3D басып шығару, ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект және ұшқышсыз құрылғылар саласындағы жобалар таныстырылды. Атап айтқанда, медицинаға арналған анатомиялық модельдер мен Qarmet кәсіпорындарында қолданылатын полимер бөлшектерді жасау технологиялары көрсетілді.
Мәдени бағдарлама аясында концерттер, дизайнерлік киім топтамаларының көрсетілімдері, кітап таныстырылымдары мен шеберлік сабақтары өтті. Сондай-ақ белгілі қазақстандық суретші Қаріпбек Күйіковтің «Қайсар рух» және «Жизнь без рук» кітаптары таныстырылды.
Жәрмеңке отандық өнімдерді көпшілікке танытуға, іскерлік байланыстарды кеңейтуге және шығармашылық кәсіп иелерін қолдауға мүмкіндік берді. Мұндай бастамалар креативті индустрияларды дамытуға, өңірлердің әлеуетін арттыруға және экономикасын нығайтуға ықпал етеді.
Осыған дейін Астанада Алматы облысының креативті жәрмеңкесі өтіп, оған мыңдаған адам қатысқаны туралы жаздық.