Астанада Қарағанды облысы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы жәрмеңкеге Қарағанды облысынан 556 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдері жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Астанада Қарағанды облысы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр

Елордадағы Қазақстан спорт кешенінің аумағында екі күнге созылатын жәрмеңке сауда алаңында 40 шатыр орнатылды.

Қарағанды облысынан 50-ден астам шаруа қожалығы өз өнімдерін жеткізді, атап айтқанда «Карағанды - НАН» ЖШС, «Нәтиже сүт фабрикасы» ЖШС, «Евразиан Фудс» АҚ, «Бидай НАН» ЖШС, «Фирма Тұлпар» ЖШС сияқты ірі өндіруші кәсіпорындар қатысуда.

«Бүгін елорда халқына өңіріміздің ауыл шаруашылығы өнімдері жеткізілді. Біздің жәрмекенің бір ерекшелігі, тауардың сапасы мен бағасы. Нақты айтқанда Астана халқы нарықтағы бағадан 15-20 %-ға төмен бағамен алуда. Жәрмеңке барысында байқағанымыз, біздің ет пен қымызға сұраныс жоғары, көптеп алуда. Одан бөлек картоп және сүт өнімдерін жақсы қарқынмен алуда. Жалпы айтқанда біз әкелген өнімдердің көбісі Астана дүкендерінде көптеп табылады. Себебі, біздің облыстағы өндірушілер Астана жақын болғандықтан көтерме бағамен және тікелей жеткізеді. Дегенмен бүгінгі жәрмеңкенің орны бөлек, мәселе бағасында», - деді Қарағанды облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сағынжан Апакашов.

Жәрмеңкеде 556 тоннадан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімдері ұсынылды, оның ішінде:

-ет өнімдері - 98 тонна;

- сүт өнімдері - 12 тонна;

- балық өнімдері - 5 тонна;

- картоп - 350 тонна;

- көкөністер - 75 тонна;

- басқа да өнімдер - 16 тонна.

- жұмыртқа - 360 мың дана.

Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі аясында бауырсақ және қымыз фестивалі, сондай-ақ Қарағанды облысының шығармашылық ұжымдарының концерттік бағдарламасы ұйымдастырылуда.