Астанада қарақшылық жолмен түнгі клуб иесінің мүлкін иемденбек болған қылмыстық топ әшкереленді

АСТАНА. 19 сәуір. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астанада түнгі клубтың иесін ұрлап, қарақшылық жолмен оның мүлкін иемденбек болған қылмыстық топ әшкереленді.
None
None

Бұл туралы бүгін Астана қаласының ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Сәкен Алауханов мәлім етті.

Полицияға кәсіпкер азаматшаның жоғалуы туралы шұғыл ақпаратты оның баласы үйдің жанындағы анасының тастап кеткен көлігін көріп хабарлаған. «Бір тәулік ішінде полиция қызметкерлері жәбірленушіні ұстап отырған пәтердің мекен-жайын анықтады және аталмыш қылмыстық топты құрықтады»,-деп атап көрсетті ол.

Қылмыстық топтың басшысы елордада уақытша тұратын, бұрындары сотты болған 33 жастағы азамат. Ал екі сыбайласы Қарағанды қаласында онымен бірге жазаларын өтегендер.

Ағымдағы жылдың ақпан айында олар Астанадағы түнгі клубтардың бірінің иесімен танысып, оның сеніміне кіріп, кейін оның жеке мүлкін және ақшасын иемдену мақсатында оны ұрлап әкеткен.

Қылмыскерлер кәсіпкерді соққыға жығып, отбасы мүшелерін өлтіретіндіктерін айтып қорқытады. «Олар әйелдің жеке меншігіндегі мүліктерден бас тарту туралы құжаттарды нотариалды түрде рәсімдеуге мәжбүрлейді»,-дейді С. Алауханов.

«Біз оны тауып алған кезде жәбірленушінің бірнеше қабырғасы сынған, бетінде және денесінде ауыр жарақаттар болды. Оған тіпті полицейлер сұрақтарына жауап қайыруға қиын болды»,-деді ол.

Жәбірленушінің қаржылық жағдайы жеткілікті дәрежеде жоғары болған, оның қымбат көлігі, ақшасы, алтын әшекейлері және Қарағанды қаласында 3 бөлмелі пәтері болған. Ол Астана қаласында ұзақ уақыт бойы кәсіпкерлікпен айналысқан.

С. Алаухановтың айтуынша, топ басшысы жәбірленушінің сеніміне кіру үшін бірнеше ай бойы оған жылы ілтипат көрсетіп келген. 37 жастағы кәсіпкер әйел тұрмыста болмаған.

Соңғы жаңалықтар