Астанада караокеден қалалық чемпионат өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада караокеден Астана әкімі кубогі үшін қалалық чемпионат өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астанада караокеден қалалық чемпионат өтеді

Бұл туралы «Жастар сарайы» кешенінің Facebook-тегі ресми парақшасында хабарланды.

Таратылған мәліметтер бойынша, байқаудың іріктеу кезеңі 19 мамырда басталмақ.

«19 мамырда сағат 17:00-де «Жастар Сарайында» «Барлығы ән салады!» атты караокеден Астана әкімі кубогі үшін қалалық чемпионат өтеді. Астана әкімінің қолдауымен «Жастар Сарайы» ұйымдастырып отырған музыкалық жобаға 18 жастан бастап, барлық талантты азаматтар қатыса алады. Үміткерлердің музыкалық білімі бар ма, жоқ па маңызды емес, өздерінің сүйікті әндерінің бірін орындап, байқауға қатысуға жол ашық», - делінген хабарламада.

Кастингтан өткен дарынды орындаушылар вокал маманынан сабақ алып, эстрада жұлдыздарымен шеберлік сыныптарынан өтеді. Астана әкімінің кубогін жеңіп алу үшін үміткерлер тағы екі кезеңнен өтулері тиіс. Ең көп ұпай жинаған қатысушылар ақтық сынға жолдама алады.

«Жастар Сарайы» өкілдерінің айтуынша, қатысушылар үш топқа бөлінеді. Бірінші және екінші іріктеу кезеңдері 10 және 24 маусымда өтеді. Ал жартылай финал мен ақтық сын 5-6 шілдеде болады. Үш топтың жеңімпаздары «Караоке чемпионы-2017» атағын және ақшалай сыйақы алады. Ең жоғары ұпай жинаған қатысушы Астана әкімінің кубогін иеленеді.

Ең алғашқы «Барлығы ән салады!» атты байқау 2015 жылы өткен болатын.