11:45, 08 Қаңтар 2009 | GMT +5
Астанада каратэ-до шито-рюдан Қазақстан біріншілігі өтеді
АСТАНА. Қаңтардың 8-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қаңтардың 10-11-і күндері Астанада каратэ-до шито-рюдан Қазақстан біріншілігі өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Жастар» сарайындағы чемпионаттың салтанатты ашылу рәсімі Жапонияның дипломатиялық консулдығының қатысуымен қаңтардың 10-ы күні сағат 14:00-де болады. Біріншіліктің ресми регламентіне сәйкес, жарысқа жасы 15-тен аспаған спортшылар қатысады. Еліміздің үздік каратисі атағы және республикамыздың ұлттық құрамасындағы орын үшін Қазақстанның барлық аймағынан келген 200-ден астам спортшылар таласады. Жарысқа төрелік жасауға Жапониядан жетекші шеберлер шақырылды. Чемпионатты ҚР Туризм және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі және ҚР каратэ-до шито-рю федерациясы ұйымдастырып отыр.