Астанада Кардифф университетінің кампусы ашылады

АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы екі жылда шетелден 33 мықты зерттеуші университеттер Қазақстанға келуге келісті. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтып берді.

Кампус Кардиффского университета откроется в Астане
Фото: freepik

«Біздің қазір басым бағытымыз – Қазақстанды үлкен академиялық және зерттеуші хабқа айналдыру. Соңғы екі жылда шетелден 33 мықты зерттеуші университеттер Қазақстанға келуге келісті. Бұл жұмыс жалғасуда. Бүгін ғана Лондоннан келдім, онда Кардифф университетімен қол қойдық. Бұл Russell Group атты Ұлыбританияның мықты университеттер тобына кіретін оқу орны. Ең алдымен Queen's University Belfast Алматыда ашылған еді, енді Астанада Cardiff University үлкен кампус ашады», - деді Ғылым министрі елордада «Digital Kazakhstan: заманауи білім беру» атты Тамыз саммитінде.

Кардифф университеті үшін Астанадан 14 гектар жер бөлінген. 

«Кардиффке қойылған бірінші мақсат – халықаралық стандарттаға сәйкес педагогтерді дайындау. Сондықтан Назарбаев университетіне, бізідң негізгі ұлттық педагогикалық университеттерге бұл әрі көмек, әрі бәсеке болады. Осылай, шет тілін меңгерген мықты халықаралық деңгейдегі педагогтарды өзімізде даярлаймыз», - деді С. Нұрбек. 

Сонымен бірге, сала министрі елдегі әрбір өңірлік мемлекеттік университетке шетелдік серіктес оқу орындары бекітілгенін еске салды. 

«Шотландияның ең көне техникалық университеті, мұнай-газ бағытында маманданған Heriot-Watt University Ақтөбедегі Жұбанов университетіне орналасты. Олар алғашқы жылы 300 баланы, биыл 250 баланы қабылдап, 550 студентке білім беруде. Тағы бір мақсат – өңірлік университеттерімізді трансформациялау. Серіктестерімізбен нақты келісімшартпен бекітілген, алдағы 4-5 жылда жергілікті университеттер шетелдік стандарттарға сай зерттеуші университетке айналуы керек және әрбір университет өңірдің даму нүктесі болуы керек», - деді Саясат Нұрбек. 

Бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрі ғылыми жұмыстар мен диссертация жазғанда жасанды интеллект қолдану ережесін түсіндірген еді.